Ссылки доступа

Грузия парламенті президенттің "шетел агенті" заңына қойған ветосын жойды


Грузия парламенті сейсенбі күні президенттің "шетел агенті туралы" заңға қойған ветосын көпшілік дауыспен жойды. Бұл заңды қарсыластары "Ресейдің репрессиялық заңының көшірмесі" деп атап келген.

Енді бұл заңға президент қол қоюы тиіс. Егер ол қол қоюдан бас тартса, бес күн ішінде бұл заңға парламент төрағасы Шалва Папуашвили қол қойып, жариялайды.

Парламент 14 мамырда бұл заң жобасын үшінші оқылымда қабылдаған. Төрт күннен кейін ел президенті Зурабишвили құжатқа вето қойған.

Жаңа заңға сәйкес, 20 проценттен артық қаржы көзі шетелден алынатын үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ "шетелдің мүддесіне жұмыс істейді" деген арнайы тізімге тіркелуі тиіс.

Егер тіркелуден бас тартса, онда 10 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді және есеп-шоты жабылады.

Батыстың қорлары арқылы қаржы алатын Грузияның үкіметтік емес ұйымдары, медиаплатформасы ешқандай тізімге тіркелмейтінін мәлімдеген.

Михаил Саакашвили негізін қалаған "Біртұтас Ұлттық қозғалыс" партиясының төрағасы Роман Гоциридзе парламент депутаттарын "Грузияның батыс достарын жоғалтуға" себепші болып жатыр деп айыптады. "Грузия тәуелсіздік алғаннан бері қолдау көрсетіп келе жатқан нағыз дос елдерді жау санап, қанды путиндік режимді қолдап жатсыңдар" деп мәлімдеді Гоциридзе.

XS
SM
MD
LG