Ссылки доступа

Оңтүстік Корея парламенті ит етіне тыйым салатын заң жобасын мақұлдады


Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль ит етіне тыйым салу туралы бастама көтерді
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль ит етіне тыйым салу туралы бастама көтерді

Оңтүстік Корея парламенті итті тамақ үшін пайдалану мақсатында өсіруге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Құжатты 208 депутат қолдады, екі депутат қалыс қалды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Енді құжатқа осындай бастаманың авторы – президент Юн Сок Ёль қол қоюы тиіс.

Заң бұзғандар үш жылға сотталып, 23 мың долларға жуық айыппұл төлеуі мүмкін. Айта кетерлік жайт, заң жобасында ит етін жегендерге жаза қарастырылмаған.

Фермалар мен мейрамханаларға кәсібін жабуға немесе ауыстыруға үш жыл уақыт береді.

Оңтүстік Корея билігінің мәліметінше, елде 1100-ге жуық ит фермасы бар. Онда жарты миллионға жуық ит өсіреді. Шаруалар мұндай заңға қарсы шыққан, себебі бір миллионға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Оңтүстік Корея тұрғындары кейінгі жылдары ит етін жеуден бас тарта бастады, деп хабарлады CNN. Gallup Korea мекемесінің 2022 жылғы сауалнамасына қарағанда, зерттеуге қатысқандардың сегіз пайызы ғана ит етін жейтінін мойындаған. Сеулде ит етінен тамақ пісіретін мейрамханалар сұраныстың азаюына байланысты 40 пайызға қысқарған.

XS
SM
MD
LG