Ақпаратқа қарағанда, Умеджон Рахмон Гиссар қаласы прокуроры қызметіне екі ай бұрын кіріскен. Бірақ бұл бойынша ресми ақпарат болмады.
Оған дейін Душанбедегі Сино ауданының прокуроры болып істеген 39 жастағы Умеджон Рахмон Эмомали Рахмонның 2017 жылы қаза болған бауыры Нуриддин (Хайриддин) Рахмонның ұлы. Ол 2005 жылы Тәжік Ұлттық университетінің заң факультетін бітірген, полковник атағына ие.
Осының алдында Эмомали Рахмонның тағы бір немере інісі Исломиддин Рахмонның Монополияға қарсы күрес қызметінің басшысы қызметіне тағайындалғаны хабарланған.
Тәжік оппозициясы және батыстың құқық қорғау ұйымдары Тәжікстан президентін билікті монополизациялап алғаны және непотизм үшін сынап келеді.
Эмомали Рахмонның жеті қызы және екі ұлы бар. Бүгінгі күні оның көптеген жақын туыстары елдің заң шығару және атқару орындарында басшылық қызметте істейді.