Осылайша, ІІМ билік басындағы «Грузин арманы» партиясының депутаттарына ғимаратқа кіріп, заң мәселелері жөніндегі комитет отырысына қатысуына мүмкіндік жасады. Артынша-ақ комитет «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» заң жобасын үшінші оқылымда бекітті. «Шетел агенті туралы» бұл құжатты парламент сейсейнбі күні жалпы отырыста үшінші оқылымда қабылдауы мүмкін.
Дүйсенбіге қараған түні мыңдаған азаматтық белсенді, оппозиия жақтастары парламент ғимаратын қоршап алып, комитеттің заң жобасын үшінші оқылымда бекітуіне бөгет жасағысы келген.
Полициямен қақтығыс кезінде жиырма шақты адам ұсталған. Оппозициялық телекомпания ұсталғандарды полиция өкілдерінің ұрып жатқанын көрсеткен.
1 мамырда грузин парламенті "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған. Құжат сыншыларының пікірінше, аталған заң елдегі тәуелсіз ұйымдар мен оппозицияның үнін тұншықтырады. Кейбір белсенділер аталған құжатты Ресейдің "Шетел агенті туралы" заңына ұқсатқан. Құжат қабылданса, бюджетінің 20 пайызы шетелден алған қаражаттан құралған ұйымдар мен басылымдардың арнайы тізімі пайда болады. Ал жобаны қолдаушылардың айтуынша, онда репрессивті шаралар жоқ, ол коммерциялық емес сектордағы ұйымдардың ашықтығын арттырады. Олардың айтуынша, заң Ресей емес, Америка заңнамасына ұқсас.
Желтоқсан айында Грузияға одаққа қосылудан үміткер мәртебесін берген Еуроодақ аталған заң ЕО-ның құндылықтарына қайшы келетінін және елді аталған одаққа мүше болу үмітінен айырады деп мәлімдеген.