Ссылки доступа

Ресейде сайлаудың соңғы күнінде кемінде 80 адам ұсталды


Өткен жексенбіде, президент сайлауының соңғы күнінде Ресейдің 20 қаласында кемінде 80 адам ұсталды. Бұл туралы саяси қамауларды бақылаған "ОВД-Инфо" тобы хабарлады.  

Санкт-Петербургта сайлау бюллетеніне "Бәріңе лағынет" деп жазған белсенді Виталий Иоффе дауыс беруден кейін ұсталды.

Бұдан бөлек полиция "Фонтанка" журналисін қамауға алған.

Ресейдің басқа қалаларындағы белсенділерді де тәртіп сақшылары алып кеткен.

Қазан қаласында 20 адам ұсталып, кейін босатылған. Уфа тұрғыны оппозициялық саясаткер Навальныйдың суретін сайлау жәшігіне салып жатқан кезінде ұсталған. Мәскеуде Навальный суреті бар жейде киген бір адам қамауға алынған.

Жексенбі күні оппозиция "Путинге қарсы талтүс" акциясын жариялаған. Оның мәні – 17 наурызда түскі сағат 12-де сайлау учаскесіне барып, “негізгі кандидаттан” басқа адамға дауыс беру – осылайша Путин жариялаған соғыс пен саясатына қарсылық білдіру.

Прокуратура “Путинге қарсы талтүс” акциясына қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткен.

Қазақстандағы Ресей азаматтары да Астана және Алматы, Өскемендегі Ресей өкілдіктерінде келіп дауыс берді.

Ресей президентін сайлау аннексияланған Қырым мен орыс әскері басып алған Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарында да өтіп жатқаны хабарланған.

Сайлау бюллетенінде төрт кандидаттың есімі бар: қазіргі президент Владимир Путин (өзін-өзі ұсынушы), Владислав Даванков ("Новые люди"), Леонид Слуцкий (ЛДПР) және Николай Харитонов (КПРФ – коммунистер).

XS
SM
MD
LG