Ссылки доступа

Грузия үкіметі президентін Литваға баруына рұқсат бермеді


Саломе Зурабишвили
Саломе Зурабишвили

Грузия үкіметі президент Саломе Зурабишвилиге Литва астанасы Вильнюсқа жұмыс сапарымен баруға рұқсат бермеді.

4 сәуірде үкімет сайтында жарияланған мәлімдемеде президент өтінішін қанағаттандырмауының себебі жазылмаған.

Зурабишвили Вильнюсқа 10-12 сәуір күндері жұмыс сапарымен баруды жоспарлаған. "Кавказ жаңғырығы" басылымы жазғандай, президенттің үкімет тыйымына қарамастан Литваға бару-бармауы белгісіз.

Осы арада биліктің "Грузин арманы" партиясының бас хатшысы және Тблиси қаласының мэрі Кахи Каладзе журналистерге сұқбат беріп, Зурабишвили елдің дамуына тосқауыл қойып жатқанын білдірді. "Зурабишвили айналасына радикал оппозициялық күштерді топтастырып жатыр", - деді ол.

Былтыр күзде Грузияда батысшыл және Украинаны қолдаған көзқарасынан кейін Зурабишвилидің танымалдығы арта бастағанда, "Грузин арманы" оған импичмент жариялау бастамасын көтерген. Онда президентті "2023 жылы үкімет келісімінсіз шетелдерге шығып, Конституцияны бұзды" деген.

Бірақ бұл бастама депутаттардың көпшілігінің қолдауына ие болмады. Зурабишвили Азаттық радиосына берген сұқбатында билік партиясы "елдегі демократияны және Грузияның еуропалық болашағын өлтіруге әрекет етіп жатқанын" айтқан.

Ресей ұстанымындағы "Грузин арманы" үкіметі Мәскеудің Украинаға басып кіруін айыптап, бірақ Ресейге қарсы санкция салған емес.

XS
SM
MD
LG