Ақпаратқа қарағанда, Хасина сіңлісін алып, тікұшақпен Үндістанға ұшып кеткеннен кейін, оның резиденциясына мыңдаған демонстранттар басып кірген. Ол ұшардың алдында видео үндеу жасамақ болған, бірақ үлгермей қалғаны айтылады.
Жексенбі күні үкіметті 15 жылдан бері басқарып келе жатқан Шейх Хасинаның қызметтен кетуін талап еткен халық пен полиция арасында қақтығыс болып, кемінде 90 адам қаза тапты. Олардың 13-і күш қызметкері екені хабарланған.
Жалпы наразылық акциясы басталғаннан бері өлкеде 280-нен астам адам қаза тапты.
Маусым айында жергілікті сотта 2018 жылы жойылған квота жүйесі қайта қалпына келтірілген.
Кейін елдің Жоғарғы соты жұмыс орындары бойынша таласты квоталарды қайтадан жою шешімін шығарған.
Бұл шешімге сәйкес, мемлекеттік сектордағы қызмет орындарының 93% үміткерлердің кәсіби қабілетіне қарап алынатыны айтылған.
1971 жылы Пәкістаннан тәуелсіздік алу үшін күрескен соғыс ардагерлердің туыстарына жұмыс орындарының 30% берілген. Енді тек 5% болады деп жарияланған. 2% аз ұлт өкілдеріне, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға және "үшінші жыныс" өкілдеріне берілетіні белгіленген.
170 миллион халқы бар Бангладеште жастардың 18 миллионға жуығы жұмыссыз.