Ссылки доступа

Сомали астанасында жарылыстан кемінде 100 адам қаза болды


Могадишо орталығындағы жарылыс.

Сомали астанасы Могадишода 29 қазанда күшті екі жарылыс болды. Жергілікті билік кемінде жүз адамның қаза болғанын, 300-ден астам адамның жараланғанын айтты. Терактіні "Әл-Шабааб" діни тобы жасаған болуы мүмкін деген болжам айтылды. 

Екі жарылыс та бір жерде: қала ортасында білім министрлігі жанында адам көп жүретін көшелер қиылысында болған. Әуелі жарылғыш зат орнатылған көлік жарылған, оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем бригадасы жеткен кезде екіншісі жарылған.

Дәл осы қиылыста 2017 жылы 14 қазанда тағы бір ірі теракт болған: ол кезде жарылыстан шамамен 500 адам қаза тауып, 300 адам жараланған.

Сомали президенті Хассан Шейх Махаммуд оқиғаны "қатаң, қорқақ террористік шабуыл" деп атады. Ол терактіге "Әл-Шабааб" діни тобын кінәлады. Ал "Әл-Шабааб" әдетте жасаған терактілерін мойындамайды.

"Әл-Шабааб" – "Әл-Каида" және "Боко Харам" террористік топтарымен байланысты радикалды жиһадтық топ. Ұйым содырлары Сомалидегі ауылдардың бірқатар бөлігін бақылайды. Бұған дейін елде болған терактілердің көбін осы ұйым жасаған. Жыл басында Могадишо мен өзге қалаларда қонақ үйде болған жарылыстар, бейбіт азаматтарды сотсыз дарға асу, әскери базаларға шабуыл тәрізді ауыр қылмыстардың ар жағында осы топтың тұрғаны айтылады.

XS
SM
MD
LG