Ссылки доступа

Ресей президенті шетел агенттері туралы жаңа заңға қол қойды


Архивное фото

Ресей президенті Владимир Путин шетел агенттері тізіміне енгендерді бақылайтын жаңа заңға қол қойды.

Енді мұндай тізімге қосу үшін оның шетелден қаржы алуы міндетті емес - "шетел ықпалында" деу жеткілікті. Жаңа ереже 1 желтоқсанда күшіне енеді.

Шетел агенті тізіміне енген адамдар мен ұйымдарға мемлекеттік мектептер мен жоғары оқу орындарында ұстаз болуға, кәмелет жасқа толмағандар арасында ағарту жұмыстарын жүргізуге, шығармашылық үшін мемлекеттен қаражат алуға тыйым салынады. Олар мемлекет құпиясы туралы мәлімет ала алмайды. Бұған қоса, мұндай тізімдегілер Қоғамдық бақылау комиссиясының құрамына кіре алмайды, сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды. Оларға көпшілікке арналған іс-шаралар ұйымдастыруға тыйым салынады.

Шетел агенттері туралы төрт түрлі тізімі біріктіріледі. Алайда жаңа заңда шетел агенттерімен жақындығы бар тұлғалар үшін жаңа реестр құрылатыны айтылған. Бұған шетел агенттерінен ақша алғандар, шетел агенті тізіміндегі ұйымның жетекшілері немес жұмысшылары, құрылтайшылары, мүшелері, қатысушылары жатады.

Ресейде шетел агенттері туралы заң 2012 жылы қабылданды. Осы құжаттың арқасында билік шетелден қаржы алатын, саяси қызмет атқаратын кез келген коммерциялық емес ұйымдарды агент деп тани алады. Ұйымның немесе жеке тұлғаның саяси қызметі заңда анық көрсетілмеген, сол себепті билік бұл тізімге кімді болса да қоса алады.

Адам құқықтары жөніндегі еуропалық кеңес агенттер туралы заңды адам құқықтарын бұзатын құжат деп танып, тоғыз жыл бұрын кеңеске шағымданған 73 коммерциялық емес ұйымға өтемақы төлеуді талап етті. Ресей бұл талапты орындаудан бас тартты.

XS
SM
MD
LG