Ссылки доступа

Путин аннексияланған аумақтарға әскери жағдай енгізді 


Ресей президенті Владимир Путин Украина жерінің аннексияланған төрт аймағына әскери жағдай енгізу жөнінде жарлық шығарды.

Ол Ресей Қауіпсіздік кеңесінің отырысында видео байланыс арқылы сөйлеген сөзінде бұл аймақтарда аннексияға дейін әскери жағдай болғанын айтты. "Қазір бұл режимді Ресей заңдары аясында бекітуіміз тиіс",- деді Ресей президенті.

Президент жарлығы сол күні кешкісін Федерация кеңесі тарапынан мақұлданған.

Кремль сайтындағы мәліметке қарағанда, жарлық 20 қазаннан бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, аннексияланған аймақтарда "территориалдық қорғаныс" құрылады.

Президент сонымен бірге аталған аймақтардың басшыларына қауіпсіздігі қорғалу мақсатында қосымша уәкілет берілетінін атап өтті.

24 қыркүйекте президент Владимир Путин елдің Қылмыстық кодексіне "мобилизация", "әскери жағдай" және "әскери уақыт" деген қосымша терминдер енгізді. Сонымен бірге әскери борышын өтеуден қашқандар үшін қылмыстық жазаны күшейтті.

Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк твиттер парақшасына Украина үшін Путин жарлығы түкке тұрмайтынын, территориясын азат ету үшін күресетінін жазды. Ол сонымен бірге әскери жағдай басып алынған аймақтың тұрғындарының мүлкін тартып алуға, тонауға себепші болады деді.

Украина Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Алексей Данилов әскери жағдайды "украин халқын Ресейдің депрессивті аймақтарына жаппай депортациялауға дайындық деп атады. Осының алдында Украина Ресейді Мариуполь тұрғындарын мәжбүрлеп көшірді деп айыптаған.

30 қыркүйекте Владимир Путин Украина облысының Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарын аннексиялау жөнінде жарлық шығарған.

Әлемнің көптеген елі мұны мойындамайтынын мәлімдеді. Украина басып алынған жерін қарулы жолмен қайтарып алатынын жариялады.

Украина Қарулы күші күзден бері қарсы шабуылды күшейтті.

XS
SM
MD
LG