Ссылки доступа

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Рига мен Вильнюста кеңсесі ашылды


Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай медиакорпорацияның Вильнюстегі кеңсесінің ашылуында сөз сөйлеп тұр.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай медиакорпорацияның Вильнюстегі кеңсесінің ашылуында сөз сөйлеп тұр.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы 12 қаңтарда ресми түрде Латвия астанасы Ригада жаңа кеңсесін ашты. Ригадағы кеңседе Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода), "Настоящее время" телеарнасы және "Система" зерттеу тобы жұмыс істейді.

Латвия астанасына Мәскеудегі бюроның басым бөлігі көшірілді. Ресей билігі Украинадағы соғысқа байланысты саяси цензура енгізген соң медиакорпорация 2022 жылы наурызда Мәскеудегі бюросын жапқан еді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Ригадағы кеңсенің ашылуы жиынында Латвияға алғыс айтып, "журналистер Ресей мен оның сыртындағы орыстілді аудиторияға шынайы ақпаратты жеткізу үшін жұмысын жалғастыра береді" деді.

Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы Литва астанасы Вильнюсте де кеңсесін ашқан. Мұнда Беларусь аудиториясына ақпарат беретін журналистер отырады.

  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгрессінің грантына қаржыландырылатын америкалық тәуелсіз медиакорпорация. Компания сөз бостандығы шектелген 23 елге 27 тілде хабар таратады.
  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы Мәскеудегі бюросын 2022 жылы 6 наурызда жапқан. Ресей билігі радионы "шетел агенті" деп танып, 15 млн доллар көлемінде айыппұл салған. Былтыр 4 наурызда Ресейдің салық қызметі компания айыппұлды төлемеді деп, Мәскеудің арбитраж сотына Ресейде Азат Еуропа/Азаттық радиосы компаниясын күштеп банкротқа ұшырату туралы шағым түсірген.
  • Азат Еуропа/Азаттық радиосының Мәскеудегі кеңсесі сол кездегі Ресей президенті Борис Ельциннің шешімімен 1991 жылы ашылған.
  • Роскомнадзор Азат Еуропа/Азаттық радиосы соғысқа қатысты мақалаларды алып тастамады деп компания сайтын бұғаттап тастаған. Бұған қарамастан 2022 жыл Азаттықтың Орыс қызметінің статистикасы жоғары болды. Сайтына 160 млн адам кіріп, Youtube каналындағы видеолары 2 млрд қаралым жинады.
XS
SM
MD
LG