Ұлттық тергеу бюросының басшысы У Чон Судың хабарлауынша, тексерудің осындай түрі елде алғаш рет жүргізіліп отыр, оның француз билігі жақында қолға алған тексеруіне ұқсастығы бар.
Тамыздың аяғында төрт күннің ігінде дипфейкке қатысты 88 шағым түсіп, 24 күдікті анықталған. Бұған қоса, полиция дипфейкті автоматты түрде жасайтын сегіз телеграм-боттың, сонымен бірге осындай материалдарды таратушы топтардың қызметін тексеріп жатыр.
Тергеу қиынға соғып отыр, себебі Telegram аккаунттар туралы мәлімет бермейді. Корей тергеушілері француз тергеу органдарымен, түрлі халықаралық ұйымдармен осы мәселе бойынша байланыс орнатады.
Телеграм мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровты 24 тамызда Париждің Ле-Бурже әуежайында ұстады. Оны тергеп, қамады.
Франция Дуровты билікпен байланыс орнатпағаны үшін де айыптап отыр. Айыптаулардың дені Telegram мессенджері арқылы ауыр қылмыстар жасалатынына байланысты. Дуровтың адвокаты айыптаулардың бәрін сандырақ деп атаған.
Төрт күннен кейін Дуров бостандыққа шыққан. Ол бес миллион еуро кепілпұл қалдырған. Оған Франциядан кетуге тыйым салынған.
Павел Дуров Франция азаматтығын 2021 жылы алған. Кейінгі уақытта ол көбіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған. Telegram кеңсесі сонда орналасқан. Кәсіпкер Ресейден 10 жылға жуық уақыт бұрын кеткен.