Сотталған азаматтың туыстары оны алдап алдыңғы шепке жібергенін, ұрысқа тікелей араласпағанын айтып отыр.
Құштарбек Мұхтар ұлы кейінгі он жылда Ресейге жұмысқа барып жүрген. Соңғы мәрте ол осы елге 2022 жылғы маусымда кеткен.
«Ұзақ уақыт бойы баламнан хабар болмады. Қыркүйекте офицерлер видеоқоңырау шалып, ұлымды көрсетті» дейді Құштарбектің әкесі.
Оның қарызға батқаны кейін мәлім болған. Құштарбек Украинадағы соғысқа армияға адам қабылдап жатқанын Телеграмдағы жарнамадан білген. Оған үш миллион рубль уәде еткен, бірақ көп бөлігін алып қойған.
«Ұлыма ақша төленген уақытта дағыстандық екі офицер Нажим мен Гажи оны тапаншамен қорқытып, 2 миллион 200 мың рубльді тартып алған. Ұлым әскери бөлімді тастап қашқан. Ол Қырғызстан елшілігіне барған. Сол жерде паспортын жоғалтып алғанын айтып, елге оралған».
Құштарбектің туыстарының айтуынша, ол Украинада жеті айға жуық уақыт болған. Осы уақыт аралығында екі мәрте жараланған. Былтыр қарашада Қырғызстанға оралып, жекеменшік клиникада емделген.
Құштарбек жарақатын емдеген соң оның ата-анасы ҰҚМК-ге жүгінген. Биыл ақпанда Құштарбек Мұхтар ұлы ұсталған.
Қырғыз Республикасының заңдарына сәйкес, шетел жағында соғысқан ел азаматтары бес жылдан 15 жылға дейін сотталады. Қырғызстанда осымен үшінші азамат Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін жазаланды.