Видео Федералдық қауіпсіздік қызметінен алынған. Бірінші арна мен «Ресей-1» видео үзіндісін прайм-таймда көрсетті. Онда шабуылды жүзеге асырды деп айыпталған төрт күдікті де бар. Күдіктілердің бәрі олардың әрекетін Сайфулло деген адам үйлестіргенін, шабуылдан кейін «Киев жаққа қарай жүру еректігін» айтқанын мәлімдеген.
Күдіктілердің екеуі, Мұхаммадсобир Файзов пен Саидакрами Рачалибзода, Киевке жеткен соң олардың әрқайсына бір миллион рубль береміз деп уәде етті дейді. Файзовтың айтуынша, Украина мен Ресей шекарасында оларды «Киевке жетуге көмектесетін жігіттер күтіп тұрған». Күдіктілердің екеуі Фаридуни Шамсиддин мен Далержон Мирзоев басқаша түсіндірген. Олардың айтуынша, «Сайфулло» көліктерін шекараға жақын маңда тастап, нұсқау алу үшін телефон шалу керектігін айтқан.
Бірінші арнада көрсетілген сюжет авторлары «Крокусқа» шабуылдағандар шекараға бара жатқан уақытта, украин аумағында олар үшін шекарадан өтетін екі дәліз дайындап қойған дейді. Күдіктілер ол туралы ештеңе айтпаған. Мәліметті тәуелсіз дереккөздермен растау мүмкін болмай отыр. Ресей президенті Владимир Путин «Крокустағы» шабуылдың ертесіне шекарадағы дәліздер туралы мәлімдеген.
Сюжетте күдіктілердің телефонында украин туының суреттері табылды деп айтылған.
Төрт күдіктіні де азаптаған болуы мүмкін. Атап айтқанда, олардың бірінің құлағының бір бөлігін кесіп тастаған, тағы біреуін электр тоғымен азаптаған болуы керек.
Федералдық арналар көрсеткен видео қандай жағдайда түсірілгені белгісіз.
Ресей билігі «Крокусқа» жасалған шабуылдың артында Украина тұр деп мәлімдеп отыр. Бұның алдында теракт жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы мойнына алған. Украина «Крокустағы» шабуылға ешқандай қатысы жоғын мәлімдеген. Оны Батыс елдерінің барлау қызметтері де растаған.