Ссылки доступа

Ресейдегі сот Гүлнара Кәрімованың Мәскеудегі алты пәтерін тәркіледі


Гульнара Каримова
Гульнара Каримова

Ресейдегі сот Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімованың Мәскеудегі алты пәтерін тәркіледі. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Өзбекстан әділет министрінің орынбасары Музраф Икрамовтың айтуынша, Кәрімованың тәркіленген пәтерлерін сатудан түскен ақшаны Ресей мен Өзбекстан тең бөліп алады.

2020 жылы Өзбекстан әділет министрлігі Бас прокуратурамен бірге Кәрімованың 1,3 млр доллар "заңсыз активтерін" елге қайтару ісімен айналысып жатқанын хабарлаған. Министрлік мәліметінше, Ресейде Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызының Ресейдегі есептерінде 6 млн доллар сақталған. Бұған қоса, оның Мәскеудегі "Камелот" тұрғын үй кешенінде пентхаусы, "Рублевка" ауданында зәулім сарайы және сегіз пәтері бар екені айтылған. Сонымен бірге, Кәрімованың Ялтада қонақ үй кешені, тұрғын үйі және жер телімі, барлығы 2 млн доллардан асатын жылжымайтын мүлкі бар.

Бұның алдында Гүлнараның үстінен қозғалған қылмыстық істер аясында тәркіленген активтерін елге қайтару үшін Швейцария мен Өзбекстан БҰҰ Көпжақты траст қорын құратыны мәлім болды. Шамамен 131 млн долларға жуық қаражат қайтарылуға дайын тұр. Олар 2012 жылдан бері Кәрімованың Швейцариядағы есептерінде жатқан.

Өзбекстанда 2013 жылы Гүлнара Кәрімованың үстінен екі қылмыстық іс қозғалды. Бұрынғы президент қызын ақша жымқырды, салық төлеуден жалтарды деп айыптады. 2015 жылы ол бес жылға сотталды, 2017 жылы екінші іс бойынша 10 жыл жаза алды. Кейін бұл жаза бес жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

2020 жылғы наурызда Ташкент қалалық соты оны 13 жыл төрт айға соттады. 2019 жылғы көктемнен бері ол Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы №21 әйелдер колониясында жазасын өтеп жүр.

XS
SM
MD
LG