Ссылки доступа

Тәжік билігі халықаралық ұйымның қымбат Интернет туралы мәлімдемесін жоққа шығарды


Тәжікстан байланыс қызметінің мәлімдеуінше, халықаралық ұйымның елдегі Интернеттің қымбаттығы мен сапасының төмендігі туралы мәлімдемесі шындыққа жанаспайды.

Осы қызметтің шенеуніктері 24 шілдеде баспасөз конференциясын ұйымдастырып, Тәжікстанда мобильді байланыс қызметі мен Интернет арзан тұрады және олардың бағасын азаматтардың қалтасы көтереді деп мәлімдеді.

Сәуірдің басында Broadband Genie ағылшын компаниясы 179 елдегі мобильді байланыс бағасы мен сапасына сараптама жасап, оны халықтың орташа табысымен салыстырған. Ұйымның осы есебінде Тәжікстан 163-орында қалған. Ұйым осы елдегі халық табысының 8 пайызын мобильді байланысқа жұмсайтынын есептеп шыққан.

Байланыс қызметінің өкілі Рафикжон Шокиров халықаралық ұйым есебін жалған деп есептейді. «Тәжікстанда 10 миллион 700 мың адам тұрады. Ал олар халықтың қанша пайызы Интернет қолданып, қаншауында мобильді байланыс барын қаперге алған. Алайда 1 миллион 700 мың адамның 1 жастан 5 жасқа дейінгі бала екенін ескермейді. Неге?» деп сұрады шенеунік.

Broadband Genie ұйымы өз есебінде Тәжікстанда әрбір абонент орташа есеппен 10 ГБ Интернет үшін 13,77 доллар жарататынын жазған.

Байланыс қызметі ел аумағының 96,3 пайызы мобильді байланыспен қамтамасыз етілгенін, халықтың 86 пайызы мобильді оператор қызметін тұтынатынын мәлімдеді. Тәжікстанда 4,8 млн адам Интернет тұтынады. Дегенмен осы қызмет 2023 жылы Тәжікстан аумағының 95 пайызы 2G ескірген стандарттағы мобильді байланысқа қосылғанын мойындаған.

Халықаралық ұйым есебінде Қазақстан 63-орында тұр. Қазақстандықтар байланыс қызметі үшін 9,79 доллар (табыстың 1,68 пайызы) төлейді.

XS
SM
MD
LG