Ақпарат құралдарының жазуынша, швед құқық қорғау органдары Палуданға қатысты этникалық өшпенділік қоздыру фактісі бойынша тергеу бастаған. Белсендіні Швецияда тергеуге шақырған, алайда ол барудан бас тартқан. Швеция прокуратурасы Палуданды Данияда дат полициясының көмегімен тергеуі мүмкін екенін айтты.
Ақпарат құралдарының жазуынша, белсенді Швецияға келсе, дереу тұтқынға алынады. Палуданның өзі Aftonbladet басылымына Швецияға бару қауіпсіз емес екенін айтып, Даниядан видеобайланысқа шығып, тергеушілердің сұрақтарына жауап беруге қарсы емес екенін айтқан.
Швецияның полиция мен прокуратурасы белсендіні сырттай қамауға алу туралы шешім шығарғанын әзірге ресми түрде растамады.
- Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуы бойынша келіссөздер өтіп жатқан тұста биыл 21 қаңтарда Палудан мұсылмандарға қасиетті саналатын Құран кітабын Түркияның Швециядағы елшілігі алдында өртеген. Түркия Стокгольм мен Хельсинкиден Анкара терроризм бойынша айыптап отырған күрд белсенділерін беруді талап еткен.
- Нәтижесінде Түркия Финляндияның НАТО-ға қосылуын мақұлдаған. Швецияның өтініші әзірге мақұлданбады.
- Финляндияның сыртқы істер министрі Пекка Хаависто Құранды өртеу акциясына Ресейдің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Швецияның мемлекеттік ақпарат құралдарының айтуынша, Палуданға Түркия елшілігі алдында Құранды өртеуге журналист, кремльшіл белсенді Чанг Фрик кеңес берген. Ол акцияға қатысты барлық шығынды өтейтінін айтқан.