Ссылки доступа

ҰҚШҰ кеңесі Әзербайжан-Армения шекарасындағы ахуалды талқылады


Район армяно-азербайджанской границы, февраль 2022 года
Район армяно-азербайджанской границы, февраль 2022 года

ҰҚШҰ кеңесі армян-әзербайжан шекарасындағы ахуалды талқылап, нәтижесінде аймаққа ұйым миссиясын жіберу туралы шешім қабылданды.

Оған ҰҚШҰ бас хатшысы Станислав Зась жетекшілік етпек. Миссия "қалыптасқан жағдайға баға беріп, Ереванда өтетін ҰҚШҰ-ның кезекті сессиясында мемлекет басшыларына тыңғылықты баяндама әзірлейді".

Армян-әзербайжан қақтығысы ушыққан шақта ҰҚШҰ жиынын өткізуге Ереван ұсыныс жасаған. Армян тарабының хабарлауынша, бірнеше ауыл атқылауға ұшыраған. Елу шақты әскери қызметкер қаза болған. Баку жағы да елу шақты жауынгерінен айырылғанын мәлімдеп, армян жағын кінәлады.

ҰҚШҰ сайтындағы мәліметке сәйкес, жиынға қатысушылар "жағдайды халықаралық құқық принциптеріне сүйене отырып, саяси-дипломатиялық жолмен шешуді" қолдаған.

Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "жағдайды тұрақтандыру үшін мүмкін болған барлық шараны қабылдауға, күштік құрылымдарды пайдаланудан бас тартуға, шұғыл түрде келіссөз жүргізуге шақырған".

ҰҚШҰ-ға Ресейден бөлек, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан кіреді.

13 қыркүйекте Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенге хабарласқан. Әңгіме барысында ол "армян жағының арандатуынан кейін аймақта ахуал ушықты" деп мәлімдеген.

Блинкен сонымен бірге Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен де телефон арқылы сөйлескен. АҚШ мемлекеттік хатшысы әңгіме барысында әскерді алып кету маңыздылығын атап өтіп, Вашингтон Баку мен Ереван арасындағы жағдайды бейбіт реттеуге күш салады деп сендіруге тырысты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының өкілі Нед Прайс тараптарды, Ресейді де, жағдайды бейбіт жолмен шешуге атсалысуға үндеді.

Армян-әзербайжан қақтығысын реттеу мәселесінде Ресейдің рөлі туралы сұраққа жауап берген Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Кирби Мәскеу халықаралық қауымдастық назарын Украина мәселесінен алшақтату үшін жағдайды пайдалануы мүмкін деген қауіп айтты.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш тараптарды диалогқа шақырды.

Ереванда сәрсенбіге қараған түні парламент маңына жұрт жиналып, қақтығыс кезінде қаза болған солдаттардың өліміне премьер-министр Никол Пашинянды кінәлап, оның отставкасын талап етті.

Армения Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі сотына қайырылып, Әзербайжанға шара қолдануды талап етті. Шағым түсіруші тарап елді мекендердің атқыланғанын, бейбіт тұрғындар мен әскери тұтқындардың негізгі құқықтарын қорғау қажеттігін алға тартты.

Ал Әзербайжан тарабы азаматтық инфрақұрылымдардың атқылануына қатысы жоғын айтады.

Армения мен Әзербайжан шекарасындағы ахуал 13 қыркүйекке қараған түні ушыққан.

XS
SM
MD
LG