Шенеуніктің мәлімдеуінше, Беннетт Ауғанстанға қарсы "жалған мәлімет таратып, үгіт-насихат жүргізеді".
Беннетт БҰҰ-да осы қызметке тағайындалғалы бері Ауғанстанға жиі барып, адам құқықтары жөнінде мәлімет жинап жүрген. Биыл жазда Ауғанстан СІМ оған виза беруден бас тартты, елге кіргізбеді.
Беннетт Ауғанстандағы адам құқықтарының бұзылуын, діни азшылық пен саяси бәсекелестерді қудалауын жиі сынайды. Беннетт осы елде әйел құқықтарының бұзылуын "гендерлік апартеид" деп бағалап, оны адамзатқа қарсы қылмысқа жатқызған.
"Талибан" өкілі Забиулла Муджахид БҰҰ өкілінің есебін "үгіт-насихат" деп атаған. Муджахидтің пікірінше, "Талибан" әйел құқығын сыйлайды және ислам заңдары мен ауған салт-дәстүріне сай сақтап келеді.
2021 жылы тәліптер Ауғанстанда билікке келген уақыттан бастап әйелдер құқығы қатты шектелді. Оларға мектепте алтыншы сыныптан жоғары білім алуға, үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеуге, спортпен шұғылдануға, саябақта серуендеуге тыйым салынған. Әйелдер ер азаматсыз көшеге шықпайды.
"Талибан" Ауғанстанда басқа да саяси партиялардың қызметіне тыйым салған.