Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан тыныштықты сақтау бойынша қаулыға қол қойды 


Қырғызстанның вице-премьері әрі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Качымбек Ташиев
Қырғызстанның вице-премьері әрі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Качымбек Ташиев

Қырғызстан мен Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі тыныштықты сақтау бойынша қаулыға қол қойды. Бұл жөнінде Қырғызстанның вице-премьері әрі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Качымбек Ташиев мәлімдеді. 

Ол бұл құжатты шекарадағы жағдайды тұрақтандырып, бейбітшілікке апаратын қадам деп атады.

Ташиев сонымен бірге тәжік-қырғыз шекарасындағы қақтығысты зерттеу мақсатында бірлескен комиссия құрылғанын мәлімдеді.

19 қыркүйектегі мәлімет бойынша, қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыстан 59 қырғыз азаматы қайтыс болып, 164-і жараланған. Олардың 13-і - бала.

Тәжікстан тарабы 41 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.

16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында ірі қақтығыс болған. Екі тарап "жанжал бастады" деп бірін-бірі айыптаған. Қақтығыс кезінде бірнеше рет келіссөз жүріп, екі тарап оқ атуды тоқтатуға уағдаласқанымен шекарадағы атыс қайта жалғаса берген. Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланған.

Қырғызстан 19 қыркүйекті Ұлттық аза күні деп жариялады.

Қырғыз-тәжік қақтығысы 14 қыркүйекте Тәжікстанның Исфара және Бободжон Гафуров аудандары мен Қырғызстанның Баткен облысы шектескен тұста басталып, көп ұзамай Тәжікстанның Лахш ауданы мен Қырғызстанның Ош облысы арасындағы шекараға ұласқан.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 970 шақырым шекараның басым бөлігі әлі күнге нақты белгіленбеген. Осыған байланысты екі ел халқы мен шекарашылары арасында су мен жерге байланысты жиі қақтығысып келеді.

XS
SM
MD
LG