Ссылки доступа

АҚШ Украинаға реактивті қарумен соққы беруге қажет барлау мәліметтерін бермек


АҚШ Украинаға дүркіндете ататын реактивті қару жүйесімен соққы беруіне қажет барлау мәліметтерін бермек ниетте. Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары Колин Каль мәлімдеді деп хабарлайды "Америка дауысы".

Пентагонның дерегінше, қазір украин сарбаздары HIMARS және MLRS қару жүйелерін қолдануға машықтанып жатыр.

АҚШ әзірге Ресей артиллериясы Украинамен салыстырғанда көп екенін растайды. Вашингтон Украина армиясын өз жеріндегі нысаналарды жоюға қажеттің бәрімен қамтамасыз еткісі келетінін тағы айтып отыр.

АҚШ-та жасалған HIMARS және MLRS реактивті қару жүйелері теория жүзінде Украина аумағынан Ресей жеріндегі нысанаға дейін жете алады. Украина президенті Владимир Зеленский даниялық журналистерге берген сұхбатында Украина армиясы көрші елдегі азаматтық нысандарға қару қолданбайды деп мәлімдеген.

Бұған дейін АҚШ Киевке әскери көмек ретінде беретін HIMARS реактивті жүйесі 80 шақырымнан аспайтын қашықтағы нысандарды жоюға арналғанын айтқан.

5 маусымда Ресей президенті Владимир Путин Батыс елдерінен Украинаға алыс қашыққа ұшатын зымырандар жеткізілетін болса, Ресей бұрын көзделмеген нысандарды атқылайтынын мәлімдеген. Бірақ нақты қандай нысандарға соққы беретінін айтқан жоқ. "Батыс елдерінің Украинаға қару жеткізудегі мақсаты - қарулы конфликтіні соза түсу" деді Путин.

Оған дейін Путиннің Ресей қауіпсіздік кеңесіндегі орынбасары Дмитрий Медведев "қарудың бұл түрімен Ресей жерін атқылайтын болса, онда Ресей әскері Украинаның шешім қабылдайтын орталықтарын жояды" деп мәлімдеп, ондай нысаналар қатарында Украина қорғаныс министрлігі мен бас штабын атаған. Телеграм-арнасында "ондай орталықтар Украина аумағынан тыс жерде де барын" айтып, үшінші елдер де атқылануы мүмкін деп" қоқан-лоқы жасаған.

Ресей жері атқыланса, Украинадағы "шешім қабылдайтын орталықтарға" соққы беретінін сәуір айында Ресей қорғаныс министрлігі де мәлімдеген еді.

Ресей армиясы Украинадағы әскери инфрақұрылымдарды ғана аттық деп мәлімдеп келеді. Бірақ Украинада тұрғын үйлер мен бейбіт нысандар көптеп қирап, бейбіт адамдар қаза тауып жатыр.

XS
SM
MD
LG