Санкцияға ілінгендер — "Рафорт" компаниясының иесі Рафаэль Газарян мен "Технологиялар" компаниясының басшысы Алексей Буднев. Бұл мекемелермен қоса "Транс-Капитал" компаниясы да санкция тізіміне енген.
АҚШ қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, Газарян Словакия азаматы Ашот Мкртычевпен жұмыс істеген, ол былтыр наурызда Ресей мен Солтүстік Корея арасында қару-жарақ жеткізуге жәрдемдесуге тырысқаны үшін санкцияға ілінген. Ақпаратқа қарағанда, 2023 жылы Газарян Мкртычевпен осындай мәмілелерді ұйымдастыру бойынша жұмыс істеген. Бұдан бөлек, Газарян "Солтүстік Кореядағы қару-жарақ сатушысына авиация компоненттерін жіберу мен жеткізуге көмектесу үшін "Транс-Капитал" компаниясын пайдаланған" дейді.
Министрлік мәліметінше, Буднев 2023 жылы наурызда Ресейге әскери байланыс жабдықтарын жеткізуге жағдай жасаған, олар Солтүстік Кореяда шығарылған болуы мүмкін.
"Бұл шаралар біздің Солтүстік Корея мен Ресейдің әскери байланысына кедергі келтіруге деген ұмтылысымызды көрсетеді" деді АҚШ қаржы министрінің қаржылық барлау және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі орынбасары Брайан Нельсон.
- Пхеньян ядролық қару әзірлеу және оны сынауға байланысты бірқатар халықаралық санкцияға ілінген. Оны Батыс елдері ғана емес, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де салған. Олардың ішінде қару-жарақ саудасына да тыйым бар. Ресей БҰҰ мүшесі ретінде санкцияларды орындауға міндетті.
- Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресей 2022 жылдан бастап Солтүстік Кореядан үш миллионнан астам артиллерия снарядтары мен 500 мыңнан астам зымыран тасығыш сатып алған болуы мүмкін, ал Ресей оның орнына Солтүстік Кореяға ғарышқа ұшыру технологиясын жеткізген дейді. Мәскеу мен Пхеньян мұны ресми түрде растаған жоқ.