Ссылки доступа

Қазақстан бас қаласы қайтадан Астана деп өзгертілді  


17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін бірқатар өзгерістер атап айтқанда, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу, Астана атауын қайтару және конституциялық сот судьяларының өкілет мерзімін 8 жылға ұлғайту туралы түзетулерге қол қойды. 

Аталған заң жобасын бір күн бұрын парламент мақұлдап, президентке қол қоюға жіберген болатын.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" ҚР заңына қол қойды" деп жазылған Ақорданың сенбі күнгі хабарламасында.

Онда заңның мәтіні баспасөзде жарияланатыны жазылған.

Осылайша жыл басынан бері Конституция екінші рет өзгерейін деп жатыр. Маусымдағы референдум нәтижесінде Конституциядағы 33 бапқа өзгеріс енгізілген. Қанды қаңтардан кейін мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында президент Тоқаев ешқандай заңды "өзгерту" болмайды деп мәлімдеген еді.

1 қыркүйектегі жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзге кезектен тыс президент сайлауын тағайындап, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынған еді. Мәжіліс депутаттары арасында құрылған "Жаңа Қазақстан" тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, Тоқаевтың президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды да ұсынған. Ізінше президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар тобының астананың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсынысымен келіскен.

Cарапшылар Тоқаев алдағы сайлау арқылы өз билігін күшейтіп алуды көздейді дейді.

XS
SM
MD
LG