Ссылки доступа

G7 елдері Ресейден Навальный өлімінің себебін түсіндіруге шақырды (видео)


Үлкен жетілікке (G7) мүше дамыған елдердің сыртқы істер министрлері Ресей билігін оппозиционер Алексей Навальный өлімінің себебін түсіндіруге шақырды.

Бұл жөнінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Германия, Жапония және Канада елдері сыртқы істер министрлері бас қосқан кездесуден кейінгі мәлімдемеде айтылды. Кездесу өткен сенбіде Мюнхен қаласында өткен.

Италия төрағалығымен өткен G7 отырысы Навальныйды еске алып, үнсіздік жариялаумен басталды. "Ресейдегі коррупцияға қарсы және сөз бостандығы үшін күресі Навальныйды өлімге алып келді", - деп мәлімдеді Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни. Ол сонымен бірге қазір Ресей түрмелерінде отырған саяси тұтқындарды босатуға шақырды.

Ресей билігі 16 ақпанда Навальныйдың қайтыс болғанын мәлімдеді. Қайғылы оқиғаға байланысты Батыс лидерлері пікір білдіріп, Навальныйдың жақындарына көңіл айтты.

АҚШ президенті Джо Байден Навальныйдың өліміне Ресей басшысы Владимир Путин жауапты деп мәлімдеді.

"ОВД-Инфо" мәліметінше, Алексей Навальныйды еске алуға шығып, гүл шоқтарын қойған 401 адамды полиция ұстаған. Жаппай ұстау Ресейдің 36 қаласында өтті. Санкт-Петербургте 200-ге жуық адам ұсталды.

XS
SM
MD
LG