Осындай шешім Қырғызстан азаматы Алишер Касимовқа да шығарылды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 33 жастағы Аминжон Исломов шабуылды ұйымдастыру кезінде қолданылды делінген "Рено" көлігінің соңғы иесі болған. Күдіктілерге көлікті оның 24 жастағы інісі Деловар сатқаны хабарланған. Исломовтар Тәжікстанда туып-өскен, бірақ Ресей азаматтығын алған. Олармен бірге әкесі де ұсталды.
Ағалы-інілі ағайындарға терроризмге көмектесті деген айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша өмір бойы түрме жазасына кесу қарастырылған.
Ресейдің Тергеу комитеті Исломовтар 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында террорлық топқа қосылғанын, оларды "Крокуста" теракт жасады деп айыпталған төрт басты күдіктінің бірі Фаридун Шамсиддин азғырғанын айтады. Фаридун Шамсиддиннің әпкесі Аминжон Исломовтың әйелі.
Ресейдің Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин "Исломовтар теракт жасауға көмек көрсеткен: тұруға пәтер дайындап, көлік қамдап, ақша тасыған" деп мәлімдеді.
32 жастағы қырғызстандық Алишер Касимов Красногорск қаласында тұрған. Орыс билігі ол теракт жасағандарға пәтерін жалға берген дейді.
Төртеуі де Ресейде терроризм және экстремизм бойынша айыпталғандардың тізімінде.
Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холлдағы" теракт 22 наурыздың кешінде болды. Қанды оқиғадан 145 адам қаза тауып, 500-ден астамы жараланды.