Ссылки доступа

Сот "Крокус" ісі бойынша тағы үш адамды қамауға алды


Мәскеудің Басман соты дүйсенбі күні "Крокус Сити Холдағы" шабуыл бойынша тағы үш адамды тұтқынға алды.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ұсталғандар - Аминчон, Диловар және Исроил Исломовтар. Олар бір отбасының мүшелері - екі бауыр және әкесі. Диловар Исломов "Рено" көлігінің иесі болған. Исломовтар тергеу абақтысында кемінде 22 мамырға дейін қалады.

Шабуылдан кейін "Новая газета Европа" басылымы "Рено" көлігінің иесімен хабарласып, байланысқа шыққан болатын. Оның аты-жөні де Диловар Исломов болған. Ол оқиғадан бір апта бұрын көлігін әйелінің інісіне сатқанын, теракт кезінде көлігін көріп, шошығанын жеткізген.

Кейін оның туыстары журналистерге Исломов куәлік беру үшін полиция бөлімшесіне өзі барғанын хабарлады. Осыдан кейін одан мүлдем байланыс үзілген.

Дүйсенбі күні сот кезінде белгілі болғандай, ол Ресей азаматы, таксист болып жұмыс істеген. Оның жасы 24-те, әйелі және бір баласы бар.

Оның ағасы Аминчон 33-те. Оның жеті баласы бар. Ол жолаушылар автобусында жүргізуші болып істеген. Ол "Медиазона" басылымына өзінің еш кінәсі жоқ екенін мәлімдеген.

Әкесі Исроил 62 жаста. Тәжікстан азаматы, бес үлкен баласы бар.

23 наурызда күндіз Ресей қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) жетекшісі Александр Бортников Путинге 11 адам ұсталғанын, төртеуі "Крокус сити холлдағы" терактіге қатысқанын баяндады. Бұл жөнінде Кремльдің баспасөз қызметіне сүйенген ТАСС агенттігі хабарлады. Бір күн бұрын ресейлік БАҚ терактіден кейін шабуылдаушылар жасырынып үлгергенін жазған. Теракт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залының ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден қаза болғандар 137 адамға жетті. 180-дей адам түрлі жарақат алды.

XS
SM
MD
LG