Ссылки доступа

Тәжікстанда банк топ-менеджерін ұрлады деген күдікпен бірнеше офицер ұсталған


Тәжікстанда "Ориёнбанк" төрағасының бірінші орынбсары Шухрат Исматулоевті ұрлады деген күдікпен кем дегенде төрт адам ұсталды. Олардың арасында күш құрылымдарының бұрынғы бірнеше қызметкері бар. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметінің құқық қорғау органдарындағы дереккөздері хабарлады.

Ұсталғандардың аты-жөні жарияланбады. Дереккөздердің айтуынша, күдіктілер арасында ІІМ, қаржы полициясы және прокуратураның бұрынғы қызметкерлері бар. "Олар банкирді тәжірибелі қылмыскерлермен бірге ұрлаған" дейді дереккөздер.

"Төрт адам кісі ұрлаған, бірақ қылмысқа тағы бірнеше адамның қатысы бар. Банкирді ұрлау кезінде пайдаланылған Hyundai Sonata автокөлігі үшін қылмыскерлер 11 мемлекеттік нөмір дайындаған, себебі мұндай көліктерді жол бойындағы инспекторлар тоқтатпайтынын білген" дейді Азаттыққа дереккөздердің бірі.

49 жастағы Шухрат Исматуллоев "Тәжік Эйр" әуе компаниясының бұрынғы бас директоры Дилшод Исматуллозоданың бауыры. Ел президенті Эмомали Рахмонның қайнысы, "Ориёнбанк" төрағасы Хасан Асадуллоға жақын адамдардың бірі. Исматуллоев ұзақ уақыт бойы банк төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Банкирді 23 маусымда ұрлап әкетті. Белгісіз біреулер оны қара түсті Hyundai Sonata автокөлігіне отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен.

Бас прокуратару мен Душанбе милициясындағы дереккөздердің айтуынша, қылмыстық топ ұзақ дайындалған, маусымның ортасынан бері Исматуллоевтың әрбір қадамын аңдыған.

Тәжікстан билігінің хабарлауынша, банкирді ұрлауға қатысы болуы мүмкін күдіктілердің бірі Рустам Ашуров Молдовада ұсталды. Тәжікстан Бас прокуратурасының мәліметінше, Ашуров ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі. Күдікті Түркиядан Молдоваға ұшып, сол арқылы Еуроодақ елдерінде жасырынғысы келген. Ашуров Кишинев әуежайында екі адамды атып өлтіріп, бір жолаушыны жаралаған. Күдіктінің өзі арнайы операция барысында жараланып, есін әлі жимаған.

XS
SM
MD
LG