Ссылки доступа

Таулы Бадахшан тұрғыны "прокурор көмекшісін келемеждегені үшін" 18 жылға сотталды


Парвиз Гоибназаров
Парвиз Гоибназаров

Душанбедегі сот Таулы Бадахшан автономиялы облысының тумасы Парвиз Гоибназаровты "прокурор көмекшісін еркінен тыс ұстап, оны мазақ еткені үшін" 18 жылға соттады. Бұл туралы журналист Анора Саркорова фейсбукте жазды.

Биыл тамызда ресейлік полиция қызметкерлері Гоибназаровты Мәскеудегі үйінде ұстады, деп жазды журналист. Экстрадициялау тәртібін сақтамаған Ресей билігі оны Тәжікстанға тапсырған. Журналистің жазуынша, Гоибназаровқа қандай айып тағылғаны, экстрадицияланғаны оның туыстарына хабарланбаған.

Таулы Бадахшан тумасын тергеу мен сот адвокаттың қатысуынсыз жабық өткен. "Бодод" порталы дереккөздерінің хабарлауынша, Гоибназаровты "былтыр ақпанда Роштқала прокурорының көмекшісі Абдусаттор Абирзоданы келемеждегені үшін" 18 жылға соттаған.

Бір жарым жыл бұрын Таулы Бадахшанның бір топ тұрғыны жергілікті бір қыздың шағымымен Абирзодаға барған. Ол қыз прокурор көмекшісі тиіскенін айтқан. Абирзода камера алдында жасаған қылығы үшін кешірім сұраған. Кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері прокурорды "келемеждеген" басты күдікті – Гүлбиддин Зиёбековті ұстады.

Оның қазасы кейін Хорог қаласында жаппай наразылық туғызды. Парвиз Гоибназаров Зиёбековтің досы болған.

14 мамырда Хорогтың жүздеген тұрғыны наразылық акциясына шығып, облыс басшысы Әлішер Мирзонабот пен Хорог әкімі Ризо Назарзоданы қызметтен алуды, Бадахшан тұрғындарын қудаламауды талап етті. Бұған қоса, наразы топ Гүлбиддин Зиебековтің өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды, белсенді Амриддин Аловатшоевты, ММА атлеті Чоршанбе Чоршанбиевті және қараша оқиғасынан кейін ұсталған басқа да тұрғындарды босатуын талап етті. Билік митингіні күшпен таратуға талпынды. Екі адам мерт болды, 17 адам жараланды.

16 мамырда жергілікті жастар тобы облыс әкімдігіне қарай беттеді, алайда оларды жарты жолда күш құрылымдарының өкілдері тоқтатты. Жастарға қарсы резіңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданылды. 18 мамырда билік "терроризммен күрес операциясын" бастады. Ресми мәлімет бойынша, бейбіт тұрғындар мен күш құрылымдары өкілдерінің қақтығысында 16 адам өлтірілді. Ресми емес мәлімет бойынша, одан әлдеқайда көп адам мерт болды.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері бейбіт акцияның күшпен басылғанына алаңдап, Тәжікстан билігін Таулы Бадахшан автономиялы облысы тұрғындарының басты құқықтары мен еркіндігін құрметтеуге шақырды.

XS
SM
MD
LG