Жұмаевтың Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, Краснодардағы жарыс 11-12 қыркүйекте өтеді. Сол себепті ол Душанбеден Сочиге 5 қыркүйекте ұшқан. Алайда оны әуежайда ресейлік шекарашылар тоқтатып, осы ел аумағына кіргізбей қойған. Атлеттің Тәжікстан самбо федерациясы берген құжаты болған, бірақ шекарашылар оған қарағысы да келмеген.
Тәжік спортшысының Азаттық редакциясына жолдаған видеосынан тәжік мигранттарының Сочи әуежайындағы орындықтарда жатқанын көруге болады. Рамазонның айтуынша, онымен бірге әуежайда 12 тәжік мигранты жүрген. Әуежайда жағдай жоқтығына қарамастан, атлет жарысқа сол жерде дайындалған.
8 қыркүйекте Рамазон Жұмаевты басқа да тоғыз тәжік мигрантымен бірге Душанбеге кері қайтарған. Жұмаевтың айтуынша, оның паспортында депортациялау туралы ешқандай мөр болмаған.
Жұмаев кейінгі төрт жылда Мәскеуде тұрған, екі ай бұрын республикалық жарысқа қатысу үшін Тәжікстанға оралған. Ол Ресейге не себепті өткізбегенін білмейді. "Мәскеуде тұрған уақытта қандай да бір ережені бұзған шығармын" дейді атлет.
Рамазон Жұмаев Тәжікстанда самбо мен дзюдодан талай жарыстың жеңімпазы атанған. Ол самбодан Краснодар чемпионатын үш мәрте жеңген.
Қыркүйектің басында тағы бір тәжік спортшысы Стамбұлдан Испанияға ұша алмаған. Грек-рим күресінен әлем чемпионатына қатысуы керек болған Сүннат Абдуллов Стамбұл әуежайында бірнеше күн күтіп, кері қайтуға мәжбүр болған. Тәжік билігі осы жағдайға қатысты ешқандай мәлімет таратқан жоқ.
Биыл наурызда Мәскеуде "Крокустағы" шабуылдан кейін Ресейде тәжік мигранттарына қысым күшейді. Әлемнің бірқатар елі, солардың ішінде Түркия да тәжік азаматтарына виза беруді шектеген. Туроператорлардың айтуынша, тәжік ер азаматтарына Біріккен Араб Әмірліктеріне виза алу қиындап кетті.