Ссылки доступа

Таулы Бадахшанда диверсия жасамақ болды деген күдікпен ондаған адам ұсталды


Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті диверсия жасамақ болды деген күдікпен Таулы Бадахшан автоном облысындағы Язгулям өңірінің кем дегенде 50 тұрғыны ұсталды. Бұл жөнінде Pamir Inside және Azda TV басылымдары дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

БАҚ-тағы мәліметке сәйкес, аймақтағы Жамак және Андарбак ауылының тұрғындары 16 мамырдан ұстала бастаған. Одан бері 35 адам ұсталғаны хабарланды.

"Ең аз дегенде Жамак ауылының 20, Андарбак ауылының 15 тұрғынын қамап Душанбеге алып кетті. Содан бері олардан ешқандай мәлімет жоқ. Жалпы 50-ге жақын адам ұсталды", - деген Pamir Inside басылымының дереккөзі.

Azda TV арнайы қызмет өкілдері қамалғандардан қару-жарақ іздеп, оларды аймақта диверсия жасауға дайындық жүргізген деп айыптағанын жазды.

"Медиазона Азия" басылымы бұл қамаулар аймақтағы наразылық акциялардың екі жылдығы қарсаңында жүргенін атап өткен. Pamir Inside Тәжікстанның арнайы қызметі Язгулом өңірінде мұндай рейдтер жиі жүріп тұратынын, оның нәтижесінде халық арасында жастар саны сиреп кеткенін жазды.

16 мамырда халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Таулы Бадахшандағы кем дегенде 34 адамның өмірін алған және ондаған жергілікті тұрғын қамауға алынған 2022 жылдағы қанды оқиға үшін ешкім жауапқа тартылмағанына алаңдаушылығын білдірген.

Ұйымның Орталық Азия бойынша сарапшысы Сыйнат Султаналиева 2022 жылы мамыр айында болған оқиғалардан кейін Таулы Бадахшанда жүздеген қоғамдық ұйымдар жойылып, қамалған белгілі азаматтық белсенділер бүгінгі күнге дейін қамауда отырғанын жазды.

2022 жылдың мамыр-маусым айларында Таулы Бадахшанда наразылық акциясына шыққандарды билік күшпен басты. Акцияға 16 мамырда ақиқатты іздеген жастар тобы Бархоруг кіші ауданынан Хорог қаласын көздей жаяу жүргені себеп болған. Билік осы кезде "терроризмге қарсы арнайы операция" жүргізді. Ресми мәлімет бойынша операция кезінде 16 адам қаза болды. Бірақ БҰҰ дипломаттарының баяндамасында 40-қа жуық адам қаза болғаны айтылды. "Озоди" радиосы зерттеуінде қаза болған 34 адамның аты-жөні анықталды. Олардың көбі 30-57 жасты құраған.

ІІМ операция нәтижесінде 220 адам ұсталып, олардың 53-не қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Кейін жабық өткен сот отырысында Таулы Бадахшанның ондаған тұрғыны ұзақ мерзімдерген сотталды. Олардың ішінде үш адам өмір бойы түрме жазасына кесілді.

XS
SM
MD
LG