Ссылки доступа

«Талибан» ауған спортшыларының Олимпиадаға қатысуын мойындамайды


Ауғанстанда билікті басып алған «Талибан» ислам қозғалысы ауған спортшыларының Олимпиада ойындарына қатысуын мойындамайтынын мәлімдеді.

Тәліптер Ауғанстан атынан Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ер азаматтар ғана қатыса алады дейді.

Осының алдында Халықаралық олимпиада комитеті Ауғанстан ұлттық олимпиада комитетімен кеңескен. Ұлттық комитет мүшелерінің дені шетелде тұрады. Келіссөз нәтижесінде Париждегі ойындарға алты ауған атлеті – үш ер азамат және үш әйел қатысатыны мәлім болған. Солардың ішінде бір ғана спортшы Ауғанстанда тұрады. Ол – дзюдошы жігіт.

Тәліп үкіметінің спорт мәселелеріне жауапты өкілі Аталь Машванидің айтуынша, елде әйелдерге спортпен шұғылдануға тыйым салынған, сол себепті халықаралық жарыстарда Ауғанстан атынан ер азаматтар ғана шыға алады.

Париждегі Олимпиада ойындарына қатысатын ауған атлеттері Ауғанстан Демократиялық Республикасыынң қара-қызыл-жасыл түсті туымен сынға түседі. Тәліптер билікке келген соң Ауғанстан туын өзгерткен. Ауғанстанның жаңа туын санаулы ел ғана мойындайды.

XS
SM
MD
LG