Ссылки доступа

ТАСС: "Крокуста" өрт қауіпсіздігі бұзылғаны бойынша іс қозғалды


Ресейдің Тергеу комитеті "Крокус Сити Холл" ғимаратында өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуына байланысты "салғырттық" бойынша іс қозғады.

Бұл туралы ТАСС мемлекеттік агенттігі құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Іс қозғалғаны жөнінде ресми мәлімет шықпады.

ТАСС агенттігі концерт залындағы өрт қауіпсіздігіне жауапты адамның, сонымен бірге "Крокус" ғимаратының өрт сөндіру қызметінің жетекшісі күдікке ілініп жатқаны айтылды.

"Крокус Сити Холл" ғимаратында шабуыл жасағандар адамдарға оқ атып, кейін залға өрт қойып, ғимараттан шығып кеткен. Концерт залы толық өртке оранды. Адамдардың көбі өрттен қаза болды.

Компания қожайыны Араз Агаларов өрт сөндіру жүйелері қалыпты істегенін, өртке қарсы жүйе залды бірнеше сағат өрттен сақтап, адамдардың сыртқа шығуына мүмкіндік бергенін айтады.

22 наурыз кешке "Крокусқа" шабуыл жасалды. Ғимаратта 6000-нан астам адам болған. Қарулы топ жұртқа оқ жаудырды, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Кейінгі мәліметтер бойынша, шабуылдан 144 адам мерт болды, 380-нен астам адам зардап шекті. Тергеу комитеті 12 күдікті ұсталғанын хабарлаған. Олардың оны қамауға алынды, күдіктілдердің басым бөлігі — Тәжікстан азаматы.

"Ислам мемлекеті" террор ұйымы Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіні өз мойнына алды. АҚШ пен Батыс елдері шабуылды сол террор тобы ұйымдастырды деген ақпаратқа сенеді. Ресей шабуылдың артында Украина тұруы мүмкін деп мәлімдеді. Киев оны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.

XS
SM
MD
LG