Ссылки доступа

АҚШ Жоғарғы соты Трампқа президент сайлауына түсуге рұқсат берді


Дональд Трамп
Дональд Трамп

Құрама Штаттардың Жоғары соты Колорадо штаты сотының Донольд Трампқа президент сайлауына түсуге тыйым салу жөніндегі шешімінің күшін жойды, деп хабарлады CNN.

Жоғарғы сот шешімі бүкіл ел аумағына жүреді, деп жазды Associated Press.

Жоғарғы сот судьялары бұрынғы президентке АҚШ конституциясының 14-түзетуін қолдануға болмайды деген шешімді бірауыздан қабылдады. Бұл заңда «бүлікшілер» билікте жұмыс істй алмайды деп жазылған. 2021 жылғы 6 қаңтарда экс-президенттің жақтастары АҚШ Конгрессіне шабуылдағаннан кейін Трампты бүлік шығарды деп айыптаған.

Жоғары сот президент сайлауына түсетін азаматтарды үміткерлер тізімінен АҚШ Конгрессі ғана сызып тастай алады, ал жекелеген штаттардың бұған конституциялық құзыреті жетпейді деген қаулы шығарды. Бұған қоса, сот 22 сәуірде Дональд Трамп иммунитеті туралы тыңдау өткізуге келісті.

«Америка үшін үлкен жеңіс» деп мәлімдеді Жоғарғы сот шешімін естіген Трамп.

Дональд Трамп жеті штатта және бір арал аумағында өткен праймеризде жеңіске жетті. Associated Press экс-президент 5 наурыздағы «суперсейсенбіде» бірнеше жүз дауыс жинайды деп болжады. Сол күні республикашылдар 15 штат пен бір арал аумағында праймериз өткізеді. Үміткерлер делегаттардың 874 дауысына таласады.

Бұл уақытта Дональд Трмаптың басты қарсыласы Никки Хейли Колумбия округындағы президенттік праймеризде алғашқы жеңісін тойлады. Бұған дейін Трамптың 244 дауысы, ал Хейлидің 24 дауысы болған. Енді Колумбия округындағы 19 делегаттың барлығының дауысы Никки Хейлиге бұйырады.

XS
SM
MD
LG