Ссылки доступа

Түрік құқық қорғаушысы Осман Кавала өмір бойы түрме жазасына кесілді 


Осман Кавала

Стамбұл соты түрік құқық қорғаушысы, кәсіпкер әрі филантроп Осман Каваланы өмір бойы түрме жазасына кесті әрі оған мерзімінен бұрын босату құқығын бермейтін үкім шығарды. Бұл жөнінде NTV хабарлайды . 64 жастағы қоғам қайраткері 2013 жылы Түркияда наразылықтар арқылы билікті күшпен құлатпақ болды деп айыпталды.

Сот Каваладан дәлел келтірілмеді деген себеппен тыңшы деген айыпты алып тастады. Құқық қорғаушы өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Amnesty International сот шешімін абсурд деп атады. "Бұл үкім Осман Кавалаға ғана емес, оның отбасына, әділдікке сенетіндерге, адамдардың құқықтарын қорғап жүргендерге үлкен соққы болды",- деді Amnesty International ұйымының Еуропа бойынша директоры Нильс Муйжниекс.

Кавала 2013 жылы Стамбұлдағы үкіметке қарсы наразылықты ұйымдастырды деп ұсталған. 2020 жылдың ақпан айында сот Каваланы ақтап шығарған. Бірақ ол бостандыққа шықпады. Сол күні прокуратура оны ұстау жөнінде жаңа бұйрық шығарып, Ердоғанды биліктен кетірмек болды деп айыптады.

Ондаған елдердің дипломатиялық миссия жетекшілері, оның ішінде Германия, Франция, АҚШ елдері бар Түркиядан Каваланы босатуды талап еткен. Түркия президенті Ердоған болса, жауап ретінде аталған елдердің елшісін еліне қайтарамын деп қорқытты. Ол елдің ішкі ісіне араласуды доғаруды талап етті.

Осман Кавала – Түркияда өте танымал адам, адам құқықтарын қорғауға арналған көптеген үкіметтік емес ұйымдар ашқан. Ол сонымен бірге Amnesty International секілді халықаралық ұйымдарға демеушілік етіп келген. Осман Кавала ашқан қорлар босқындарға да көмек көрсетіп келеді.

XS
SM
MD
LG