Ссылки доступа

Түркіменстан билігі Кремль пропагандасын жүргізіп отыр


Түркімен шенеуніктері Батыстың "улы" ықпалынан жастарды алшақ ұстауға үндеді

Түркіменстанда шенеуніктер Украинада соғыс отының тұтануына Батысты кінәлап, елде тұрақсыздық орнатуға "талпынған" шетел "агенттерінен" сақ болуға үндеп жүр.

Түркіменстанда Ресей пропагандасын жүргізу науқаны күш алды: авторитарлы мемлекет билігі Киевті қолдағаны үшін Батысты айыптап, Украинаға шабуылдаған Мәскеу беделін өсіруге талпынып жатыр.

Жақында білім министрлігінің шенеуніктері полиция мен арнайы қызмет өкілдерімен бірге Балқан және Лебап уәлаяттарында студенттермен, жұмысшылармен бірнеше кездесу өткізді. Шенеуніктер батыс баспасөзі мен мәдениетінен аулақ болуға үндеді, оларды "жас түркімендердің миын ашытады" деп сипаттады.

Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлық радиосының хабарлауынша, 8 желтоқсанда Балқан уәлаятында өткен осындай бір кездесуде билік өкілі Батыстың "улы" ықпалынан Түркіменстан жастарын сақтауға үндеген.

"Жастарымызды батыс баспасөзі мен мәдениетінен алшақ ұстамасақ, Украинадағыдай ертең Түркіменстанда да болуы мүмкін, деді бір шенеунік. Олар Украинадағы соғыстың басты себебі ретінде жастардың миын улайтын америкалық және еуропалық БАҚ ақпаратты атады", - дейді осындай жиындардың біріне қатысқан түркімен азаматы.

Мектептерде, мемлекеттік мекемелерде және кәсіпорындарда өткен жиындарда шенеуніктер батыс ақпарат құралдарының соғыс туралы репортажын көрмеуге үндеген. Бұған қоса, түркімен шенеуніктері шетел "агенттері" Түркіменстанда тұрақсыздық орнатуды көздейді деп мәлімдеген.

Жақында Түркіменбашы қаласында өткен кездесуде киберқауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік агенттіктің қызметкері болды, деп хабарлады Азатлық. Шенеунік студенттердің кейбірі интернетте Украинадағы соғыс туралы пікірінде Ресейді сынағаны жөнінде айтқан.

Ашғабаттағы үкімет Ресейдің биыл 24 ақпанда Украинаға басып кіруіне қатысты өз ұстанымын ешқашан ашық білдірмеген. Алайда түркімен билігі соғыс кезінде Кремльмен тығыз байланысын үзген жоқ.

XS
SM
MD
LG