Ссылки доступа

Түркіменстанда ботокс салдырған, жасанды кірпік жасатқан әйелдерді ұшаққа жібермеді


Түркіменстанда көші-қон қызметі ботокс салдырған, жасанды кірпік пен тырнақ жасатқан әйелдерді Дубайға жолға шығатын ұшаққа жібермей қойды. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Азаттық тілшісі бірнеше күн бұрын халықаралық рейске жіберілмеген әйелдердің бірқатарымен сөйлесті.

"Көші-қон қызметіндегілер жоғарыдан түскен ауызша бұйрыққа сүйенген. Ұшқыларың келсе еріндегі ботокс пен басқа да жасанды заттарды құртыңдар деген. Сіздердің еріндеріңіз жасанды, кісі танитын бағдарлама да танымай қалды. Паспорттағы суреттегідей емессіңдер, сол себепті ұшаққа жібере алмаймыз деп айтты", - дейді Балқан уәлаятының 40 жастағы тұрғыны. Ол өткен аптада Ашғабаттан Дубайға ұша алмаған.

Мяхри есімді келіншектің айтуынша, косметикалық әдістерге жүгінген әйелдерді халықаралық рейстерге жақында ғана жібермейтін болған. Олар мұндай тыйым барын халықаралық рейске билет сатып алған уақытта білмеген. Ұшаққа жібермеуі мүмкін екенін ешкім ескертпеген.

"Ұшақ билетінде бұл туралы ештеңе жазылмаған. Ұшуға бар болғаны төрт сағат қалғанда көші-қон қызметіндегілер әйелдерді тексере бастайды, сосын ұшаққа жібермейтінін айтады. Ақша жоғалттық, психологиялық қысымға ұшырадық. Жүріп-тұру еркіндігі, гендерлік құқық бұзылды", - дейді ол.

Мяхридің хабарлауынша, әуежай қызметкерлері әйелдің түріне қарап, оның ар-намысына тиетін сөздер айтады. "Олардың сөзін тыңдасақ, қыз-келіншектердің бәрі түрін өзгертіп, Дубайға жезөкшелікпен шұғылдану үшін баратын сияқты", - дейді халықаралық рейске жіберілмеген келіншек.

Сердар Бердымұхамедов әкесінің орнына президент атанғалы бері Түркіменстанда әйелдерді шектеу көбейді. Оларға косметика пайдалануға, пластика, маникюр жасатуға, шаш бояуға, тар көйлек пен шалбар киюға, автокөлік жүргізуге, көліктің алдыңғы жағына отыруға тыйым салды. Елде жасанды түсік жасату мүмкін болмай қалды. Осы ережелерді сақтамаған әйелдерді ұстайды, оларға айыппұл салады, тіпті жұмыстан да шығарады.

Биыл маусым айында парламент депутаты Сердар Аразов түркімен әйелдеріне косметика пайдалануға тыйым "тазалық мәселесіне" байланысты енгізілді деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG