Тараба BBC телеарнасына берген сұхбатында хирургиялық операция сәтті аяқталғанын айтты. «Ол тірі қалады» дейді вице-премьер.
Бұның алдында ғана билік 59 жастағы саясаткер «өмірі үшін күресіп жатқанын» мәлімдеген. Фицоға жасалған операция бірнеше сағатқа созылған.
Саясаткерге шабуылдаған күдікті оқиға орнында ұсталды.
Елдің ішкі істер министрі Матуш Шутай-Эшток саяси астары бар қылмыс екенін мәлімдеді.
Шабуыл 15 мамырда Гандлова қаласында түстен кейін болған. Қаладағы мәдениет орталығынан үкіметтің көшпелі отырысынан шыққан Роберт Фицо жиналған шағын топпен амандаспақ болған.
Саясаткерге жақын тұрған шабуылдаушы оған бес мәрте оқ атқан. Фицоның қауіпсіздік күштері қастандыққа бөгет жасап үлгермей қалған. Шабуыл сәтінде түсірілген видеода бірнеше күзетші жаралы саясаткерді бірден көлікке салып, алып кеткенін көруге болады.
Кейін үкімет басшысын тікұшақпен жақын маңдағы ауруханаға жеткізіп, сол жерде шұғыл операция жасалған. Словак премьерінің ішіне, қолына оқ тиген.
Полиция әзірге күдіктінің аты-жөнін жариялауға асықпай отыр. Расталмаған мәліметтерге қарағанда, шабуылды 71 жастағы жазушы, саяси белсенді жасауы мүмкін. Сол көрші қалалардың бірінде тұрады. Жергілікті телеарналар үкімет саясатына қарсы шығып, биліктің БАҚ-қа қатысты ұстанымын қолдамайтынын мәлімдеген бір адамды қайта-қайта көрсетіп жатыр. Оның мәлімдемесі қашан түсірілгені белгісіз. Әзірге күдіктінің дәл осы адам екені де расталған жоқ.