Ссылки доступа

Украина Беларустағы ядролық қару бойынша БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін өткізуді талап етті  


Александр Лукашенко мен Владимир Путин
Александр Лукашенко мен Владимир Путин

Украина Ресей президенті Владимир Путиннің Беларусьта ядролық қару орналастыру жөніндегі мәлімдемесіне байланысты БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуді талап етті. Бұл туралы Украинаның СІМ мәлімдемесінде айтылады. 

Украина билігі Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері – Франция, Ұлыбритания, АҚШ және Қытайдан шешуші қадамдар күтеді. Ресей де бұл ұйымның тұрақты мүшесі әрі вето қоюға құқығы бар.

"Ресейдің Беларусь аймағында ядролық қару жайғастыру ниеті жөніндегі соңғы мәлімдемесі – қылмыстық путиндік режимнің кезекті бопсалау қадамы. Бұл ядролық қаруды орналастыру жөнінде келісімді, ядролық қарусыздандыру архитектурасын және халықаралық қауіпсіздік жүйесін бұзады", - деп айтылған украин СІМ мәлімдемесінде.

Украина Беларусь қоғамын "қылмыстық ниетті жүзеге асыруға жол бермеуге" шақырды.

25 наурызда "Россия-24" каналы Ресей президенті Владимир Путиннің сұқбатын көрсетті. Путин Мәскеу Беларусьқа ядролық қаруын жайғастыратынын айтты. Оның сөзінше, 1 шілдеде Беларусьта тактикалық ядролық қаруды сақтайтын қойманың құрылысы аяқталады.

XS
SM
MD
LG