Ссылки доступа

АҚШ Украинаға 3 млрд долларлық әскери көмек береді


АҚШ Украинаға тағы 2,98 миллиард долларлық әскери көмек береді. Бұл туралы президент Джо Байден Украинаны Тәуелсіздік күнімен құттыған кезде айтты. 

"АҚШ тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан Украина халқын қолдауға дайын. Бұл міндеттеменің аясында Украинаның қорғаныс күшіне ең ірі траншты көмек көрсетілетінін жариялаймын. Қорғаныс саласына 2,98 миллиард доллар бөлінеді", - деді президент.

Байденнің сөзінше, бұл Украинаға әуеден қорғану жүйесін, артиллериялық жүйелерді, оқ-дәрілерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарды және радарларды сатып алуға мүмкіндік береді.

"Соңғы алты айдың ішінде украиндықтардың ерекше ерлігі мен тәуелсіздікке ұмтылысы бүкіл әлемді жігерлендірді. Олар Ресейдің басып кіруіне қайсарлықпен қарсылық танытып жатыр. Бүгін біз өткенді ғана мейрамдаған жоқпыз, Украина егемен және тәуелсіз мемлекет екенін және болашақта да осылай қаларын растап атап өтіп жатырмыз", - деген Байденнің құттықтауында.

19 тамызда Джо Байден Украинаға әскери көмек ретінде 775 миллион доллар бөлу туралы жарлыққа қол қойған. Онда қолдау көрсету пакетіне HIMARS системаларына арналған оқ-дәрілер, 15 Sky Eagle дрон аппараты, радиолокацияға қарсы HARM зымырандары, сонымен бірге танкке қарсы TOW және Javelin кешендері кіретіні хабарланған.

АҚШ Украинаға жалпы 16 HIMARS системасын берді. Киев осыған дейін ондаған шақырым қашықтықтан ататын системаларсыз Донбассты нәтижелі қорғап, оккупацияланған аймақтарды босата алмай тұрғанын айтып келген.

XS
SM
MD
LG