Ссылки доступа

Әлішер Османовтың адвокаттары Германия полициясының кәсіпкер туралы твитін өшірткізді

Әлішер Османов
Әлішер Османов

Ресейлік миллиардер Әлішер Османовтың адвокаттары Германия қылмыстық істер жөніндегі полициясы мен экономист Андерс Ослунд жариялаған твиттерді өшірткізді.

Қорғаушылардың пікірінше, Еуроодақ кеңесі бұл твиттерді кәсіпкер мен оның қарындасы Гүлбахор Исмаиловаға қарсы санкция салуға себеп ретінде қарастырған. Бұл туралы РБК агенттігі хабарлады.

2022 жылғы қаңтарда Андерс Ослунд твитінде Әлішер Османов пен Роман Абрамовичті «Путиннің сүйікті олигархтары» деп атаған. Кәсіпкердің мүддесін қорғаушы адвокаттардың айтуынша, ЕО кеңесі Османовты санкция тізіміне қосарда Ослунд жазбасындағы «олигарх» теңеуін қолданып, кәсіпкерді Ресей президентімен «ерекше жақын байланысы» бар адам деп атаған.

2023 жылғы қыркүйекте ЕО кеңесі санкция тізіміндегі «олигарх» сөзін өшірді. Енді ЕО-ның санкция құжаттарында шектеуге іліккен ресейлік кәсіпкерлер «жетекші кәсіпкерлер» деп аталады.

2022 жылғы сәуірде Германия қылмыстық істер жөніндегі полициясы жариялаған твитте Османовтың қарындасын Dilbar яхтасының иесі деп жазған. Алдын неміс билігі бұл яхтаны тәркілеген.

Османовтың адвокаттары яхтаны басқаруға сеніп тапсырылған трасттар меншігінде екенін, ЕО санкциясынан соң Исмаилова трасттардан шығып қалғанын алға тартқан. Неміс полициясы кәсіпкер қорғаушыларының шағымына келісіп, Dilbar яхтасы туралы твитті өшірген.

Енді миллиардердің адвокаттары ЕО санкцияларын салу мәселесіне күмән келтіріп отыр. Себебі оған себеп болған твиттер өшірілген.

Әлішер Османов 2022 жылғы наурызда Еуроодақ санкцияларына ілікті. Кәсіпкер Путинмен ерекше байланысы барын жоққа шығарып, Ресейде қабылданатын саяси шешімдерге ықпал етпейтінін мәлімдеген.

Әлішер Османов – Ресейдегі ең бай адамдардың бірі. Forbes журналының 2022 жылғы мәліметінше, оның дәулеті 14,4 млрд еуроға бағаланған. Ресей Украинаға шабуылдағаннан кейін ЕО, АҚШ және Ұлыбритания миллиардерге қарсы санкция салды.

XS
SM
MD
LG