Бұл туралы Reuters агенттігі ұйымның бас директоры Жан Касеяның мәлімдемесіне сүйене отырып хабарлады.
Қазір қатерлі індет Африканың 18 елінде анықталған. Жыл басынан бері 15 мыңнан аса адам осы дертке шалдығып, 461 адам өлген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 160% артық көрсеткіш. Науқастардың 90 пайыздан астамы Конго Демократиялық Республикасында тіркелген.
Бурунди, Кения, Руанда және Уганда секілді африкалық елдер маймыл шешегін жұқтырған науқастар алғаш рет анықталғанын хабарлаған. "Осы жағдай індетті ұжымдасу арқылы ғана тоқтатуға болатынын көрсетті" дейді Касея.
Оның айтуынша, Африкада таралып жатқан індетті бақылауға алу үшін 10 миллион дана вакцина қажет, ал қазір 200 мың ғана бар.
2022 жылғы жазда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегін ауқымды төтенше жағдай деп жариялаған. Сол кезде әлемнің 70 елінде осы індетті жұқтырған 16 мыңнан аса науқас тіркелген. Бір жыл бұрын маймыл шешегі Африкадан тыс елдерге жеткен. Ресейде екі адамның осы дертке шалдыққаны анықталған. Он айдан кейін ДДСҰ жағдай бақылауға алынғанын жариялап, төтенше жағдайды алып тастаған. Кейін жұқпалы вирустың жаңа штаммы таралып жатқаны мәлім болған.
Маймыл шешегімен жануарлар ғана емес, адамдар да ауырады. Ол кәдімгі шешек ауруына ұқсайды, бірақ жеңіл өтеді. Ауруды емдейтін арнайы дәрі жоқ. Ауру әдетте 2-4 аптада өзі кетеді, бірақ науқас өліп те кетуі мүмкін. Ауру "теріден теріге" жұғады. Кәдімгі шешекке қарсы вакцина маймыл шешегіне де қолданылады.
ДДСҰ маймыл шешегін mpox деп атаған жөн деп шешкен. Өйткені халықаралық ұйым адамдардың маймылдарды жаппай кінәлауынан сескенген. Себебі осы індет таралған уақытта дені сау маймылдарды қыру оқиғалары көбейіп кеткен.