Ссылки доступа

Ашғабат тұрғындары дәрі алу үшін мүлкін сатуға мәжбүр

Ашғабаттағы дәріхана. (Көрнекі сурет)
Ашғабаттағы дәріхана. (Көрнекі сурет)

Түркіменстан астанасында тұмау өршіп тұр. Кеселден әсіресе балалар қатты зардап шегіп жатыр. Тұмаудан адам өлген.

Астана тұрғындары дәрі алу үшін тұрмыстық заттарын, тіпті автокөліктерін сатып жатыр. Түркімен астанасындағы жағдай туралы Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі хабарлады.

«Науқастардың ыстығы көтеріліп, тамағы ауырып, қатты жөтеледі. Кеселден жаңа туған нәрестелер мен жас балалар қатты зардап шегіп жатыр. Олардың ағзасы аурудан қатты әлсіреп, кеселмен күресуге шамасы жетпей қалады. Тұмаудан балалар өліп жатыр» дейді астаналық дәрігерлердің бірі.

Тұмауға ересектер де шалдыққан. Олар ұзақ уақыт жөтелден айыға алмай жүр.

Түркіменстанда дәрі өте қымбат тұрады. Міндетті медициналық сақтандыру тұмауды емдеуге арналған дәрілерді жаппайды.

«Халық ай сайын медициналық сақтандыру төлеп отыр, сонда да науқастар дәріні сатып алуға мәжбүр. Дәріханаларда антибиотик 400-500 манат тұрады. Дәрігерлер тағайындайтын басқа да дәрілер 3000-4000 манаттан асып кетеді. Кейбір отбасылар түгел тұмауға шалдыққан. Сол себепті дәрінің өзіне ғана ондаған мың манат кетеді» дейді Ашғабаттың бір тұрғыны.

Оның айтуынша, елде орташа жалақы 2500 манат, сол себепті адамдар тұрмыстық заттарын, тіпті автокөліктерін сатуға мәжбүр.

Астанада дәріханалар алдында ұзын-сонар кезек көбейген. Адамдар дәрі алу үшін бір сағаттан астам уақыт кезекте тұрады.

Кейінгі үш аптада ауруханалар науқастарға лық толған. Зираттарда балалар молалары көбейген.

Әлемдегі ең қатаң жүйелердің бірі орнаған Түркіменстанда билік елде тұмау өршіп тұрғаны туралы хабарламай отыр.

XS
SM
MD
LG