Ссылки доступа

Германияда Алишер Усмановтың "Дильбар" суперяхтасы тінтуге алынды


Алишер Усманов
Алишер Усманов

Германияда ресейлік миллиардер Алишер Усмановқа тиесілі 156 метрлік "Дильбар" яхтасы тінтуге алынды. Бұл туралы Der Spiegel басылымы хабарлады. 

Усманов Германияда "Көлеңкелі ақшаны заңдастыру", "Сыртқы сауда заңын бұзу" және "Салық төлеуден қашу" баптары бойынша күдікке ілінген.

Ақпаратқа қарағанда, яхтаны тінту ісіне 60-қа жуық адам қатысқан – арнайы құрылған "Украина" комиссиясы мүшелері, Қылмыстық полициясының федералдық мекемесінің қызметкерлері және Солтүстік Рейн – Вестфалия жерінің салық тергеушілері.

Усманов 2016 жылы 600 миллион долларға сатып алған "Дильбар" яхтасы қазір Германияның Бремен қаласында тұрады. Оны жергілікті билік 2022 жылдың наурызында тәркілеген.

Өткен аптада неміс полициясы Алишер Усмановқа қатысты тағы бірнеше жылжымайтын мүлікті, оның ішінде Баварияның Тегернз көліндегі вилласын тексерген. Ол жақтан түрлі құжаттар мен Фаберже фирмасының ювелирлік төрт жұмыртқасы алынған. Олар сирек кездесетіндіктен, бағасын анықтау қиын. Алайда, 2007 жылы 1902 жылы жасалған ювелирлік "Ротшильдов жұмыртқасы" 12,5 миллион еуроға сатылған.

Әлемде Карл Фаберже императорының отбасы үшін жасалған 50-ге жуық ювелирлік жұмыртқа бар. Олардың біразы түрлі музейлерде тұр.

69 жастағы Алишер Усманов Ресейдің ең бай адамдарының бірі. Forbes журналы оның байлығын 11,5 млрд долларға бағалаған. Ақпан айында Украинаға шабуыл жасағаннан кейін ол халықаралық, оның ішінде Еуропа елдерінің санкция тізіміне ілінген. Мамыр айында ол өзіне қарсы санкцияларды жою арызымен Еуропа сотына қайрылған.

Қыркүйекте Венгрия Еуропа одағынан Усмановты санкция тізімінен шығаруды талап еткені хабарланған.

XS
SM
MD
LG