Ссылки доступа

Gold Apollo Ливанда жарылған пейджерлерге қатысы жоғын мәлімдеді


Gold Apollo тайвань компаниясы әлемнің бірқатар елінде террористік ұйым деп танылған "Хезболла" тобының мүшелерінің қолында жарылған пейджерлерді шығармағанын хабарлады. Бұл туралы компанияның негізін қалаушы Су Цинкуан мәлімдеді. Ақпаратты Associated Press агенттігі таратты.

Компания басшының айтуынша, пейджерлерді Будапешттегі компания дайындаған. Ол Gold Apollo брендін қолдану құқығына ие болған. "Өнім біздікі емес. Онда бар болғаны біздің бренд жазылған" дейді Су Цинкуан.

Осының алдында Reuters агенттігі жарылған пейджерлерде Gold Apollo компаниясының белгісі жапсырылғанын жазған.

Сәрсенбі күні агенттіктің дереккөздерге сүйене отырып хабарлауынша, Израильдің "Моссад" барлау қызметі 5 мың пейджерге жарылғыш орнатқан. Оларды бірнеше ай бұрын "Хезболла" тобы алдырған.

Reuters дереккөзінің мәліметінше, операция бірнеше ай бойы дайындалған. Құрылғыға жарылғыш орнатылғанын анықтау өте қиын болғандықтан оны ешкім байқамаған. Дереккөздің айтуынша, арнайы код жолданған уақытта үш мың пейджер бір сәтте жарылған.

Сейсенбі күні Ливанда "Хезболла" тобының мүшелерінің бір-бірімен хабар алмасатын пейджерлері мен рациялары жарылып, кемі сегіз адам қаза тапты. 2800 адам жараланды. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, "Хезболла" мүшелері смартфонның орнына қолданған құрылғылар Ливан астанасы Бейрутта және тағы бірнеше жерде жарылған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендардің арасында "Хезболла" мүшелері және олардың отбасы мүшелері бары айтылды.

"Хезболла" Израильдың арнайы қызметтері тыңдамас үшін смартфондарды қолданудан бас тартқаны мәлім.

Иран басылымдары мен "Хезболла" тобы бұл жағдайға Израильды кінәлады.

"Хезболла" - Иран қолдайтын Ливандағы ірі топ. Қазір бұл ұйым Израиль мен ХАМАС тобы (АҚШ пен ЕО террорлық ұйым деп таныған) арасындағы соғыста ХАМАС-ты жақтайды.

XS
SM
MD
LG