Орзу қышлағының 54 жастағы тұрғыны Давлатәли Мүмінов көп уақытын ауыл шаруашылығына қажетті бұйымдар жасайтын цехта өткізеді. Ол шағын кәсіпорынды 2012 жылы, колониядан босап шыққаннан бір жылдан кейін ашқан. Сотталғандардың басты қиыншылығының бірі – жұмысқа орналасу. Давлатәли бір жыл бойы жұмыс таба алмаған.
Оның айтуынша, түрмеден оралғаннан кейін тіршілікке қайта бейімделу қиынға соққан. «Қысқасы, түрмеден оралғаннан кейін менімен ит те сөйлескісі келмеді. Қиындықтың бәрін өз басымнан өткеріп, мен сияқты басқа да адамдарға көмектескім келді» дейді ол.
Давлатәли шағын цехты басқарады. Ол кейді тағдыры өзіне ұқсас адамдарға көмектеседі. «Түрмеден оралғандар ауыл шаруашылығымен айналысқысы келеді. Мен оларға құрал-сайман берем, кәсіп бастауға көмектесем».
Адам құқықтары жөніндегі бюро Давлатәлиді оқытып, бұған қоса оған желімдеу аппаратын сыйлаған. Онымен бірге түрмеден оралған тағы алты адам дәріс алған.
Кейінгі бір жылда адам құқықтары жөніндегі бюроға құжат рәсімдеуге, жұмысқа орналасуға көмек сұрап 50 шақты бұрынғы жазасын өтеуші жүгінген.
Түрмеден кейін өмірге қайта бейімделу өте қиын. Жүздеген адам қоғамнан өз орнын таба алмай қайтадан бұрыс жолға түсіп, колонияға қайта оралып жатады.