Ссылки доступа

Қазақстанда Конституцияға өзгерістер бойынша референдум өтті (видео)


Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдум өтті. Негізгі заңға 56 өзгерістер мен түзетулер енгізілген. 

Елдегі сайлау учаскелері жабылған кешкі сағат 9-да Орталық референдум комиссиясы сайлаушылардың 68,44 пайызы дауыс беруді деп жариялады. Бұған шетелдегі сайлау учаскелерінің көрсеткіші әлі қосылған жоқ.

Елде дауыс беруге құқығы бар 11,7 млн адам бар.

ОРК мәліметінше, референдумға қатысу белсенділігі Түркістан облысында жоғары. Мұнда азаматтардың 78,24 пайызы дауыс берген. Ең төмен көрсеткіш – Алматыда. Мұнда 29,82 пайыз референдумға қатысқан.

Заң бойынша, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 50 пайыздан астамы бюллетень алса, референдум өткен болып саналады. ОРК мұндай көрсеткішке жеткенін түскі сағат екіде (53 пайыз) хабарлаған.

Қазақстанда Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өтіп жатыр. Билік Конституцияның үштен бірін яғни, 33 бапты өзгертуді ұсынып отыр. Бюллетенде "түзетулерді қолдайсыз ба?" деген жалғыз сұрақ бар.

Осыған дейін бірқатар белсенділер, құқық қорғаушылар Конституцияға өзгерістерді қоғамда талқылауға жеткілікті уақыт берілмегенін айтып, референдумды кейінге шегеруге үндеген. Кейбірі оған бойкот жариялауға шақырған. Алайда билік реакция білдірмеді. Мамыр соңында халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі түзетулерді референдумға шығармастан бұрын "ірі талқылау өткізіп, өзгерістерді қарастыруы тиіс" деген. HRW мәлімдемесінде Қазақстан билігі ашық саяси жүйе құру міндетін мойнына алғанмен елде пікірін ашық айтқан белсенділерді қудалау жалғасып жатыр деп атап өткен.

Ақорда "мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне өтеміз", президент құзыретін азайтып, парламентті күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ сыншылар көп өзгеріс бола қоймайды, билік "суперпрезидент жүйесінен" бас тартпайды дейді.

5 маусымда тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру кезінде заңсыздықтар тіркелгенін хабарлаған. Олардың айтынша, бақылаушылардың жүрісін шектеу, фото-видео түсіруге тыйым салу, дауыс беру құпиялылығын бұзу, тұпнұсқа құжат көрсетпесе де бюллетень беру, азаматтарды бірден екі учаскеге тіркеуге алу сияқты заңсыздықтар тіркелген.

XS
SM
MD
LG