Ссылки доступа

Қырымда жарылыстан кейін бидай тасыған вагон рельстен шығып кетті 


Ресей басып алған Қырым түбегіндегі Симферополь ауданында пойыз вагондары рельстен шығып, Симферополь — Севастополь қалаларының ортасындағы теміржол қозғалысы тоқтады. 

Бұл туралы Қырымның Ресей тағайындаған басшысы Сергей Аксенов телеграм-каналына жазды.

Оның сөзінше, вагондардың рельстен шығып кетуінен ешкім зардап шекпеген. Ол апатқа не себеп болғанын да айтпады.

Қырымның теміржол компаниясы жүк тасыған пойыздың рельстен шығып кетуіне "сырттан кедергі келтіру" себеп болғанын айтты.

"База" телеграм-каналы ешбір дереккөзсіз Симферополь ауданында бейсенбі күні таңертең теміржолда жарылыс болғанын, нәтижесінде бидай жүктелген сегіз вагон рельстен шығып кеткенін, бірнешеуі аударылып қалғанын жазған. "РИА Новости" төтенше жағдай қызметіндегі бұлақтарына сүйеніп, жолдан шыққан вагондор туралы мәлімет таратты.

"112" телеграм-каналы жарылыс Чистенькое ауылында болғанын хабарлады.

Мамырдың басында Украинамен шектесетін Ресейдің Брянск облысында екі тауар жүктелген вагон рельстен шығып кеткен. Жергілікті билік оның себебін диверсия деп атаған.

"Свобода" радиосы The Insider басылымына сілтеме жасап, Украинаға басып кіргеннен бері Ресейдің темір жолдарында апатты жағдай көбейгенін жазды.

Украина бұл әрекетті соғысқа қарсы шыққан ресейлік партизандардың ісі деп бағалады.

XS
SM
MD
LG