Ссылки доступа

Латвия "Дождь" телеарнасына берген лицензиясын қайтарып алды


Латвияның электронды БАҚ жөніндегі ұлттық кеңесі "Дождь" телеарнасына берген лицензиясын қайтарып алды. Бұл шешім ұлттық қауіпсіздікке байланысты қабылданған. Бұл жөнінде кеңес төрағасы Иварс Аболиньш хабарлады.

"Латвия заңын бәрі құрметтеуге тиіс, – деп жазды ол. – "Дождь" жетекшілігі заңға елеулі нұқсан келтіргенін сезінбей отыр, сондықтан мұнан әрі Латвия аумағында жұмыс істей алмайды".

Өткен аптада Латвия ұлттық кеңесі "Дождьтың" Қырымды Ресейдің жері деп көрсетілген картаны пайдаланғаны, "Дождь" тілшісінің Ресей әскерін "біздің әскер" дегені үшін телеарнаға 10 мың еуро айыппұл салған. Ол кезде Аболиньш бірнеше айда телеарнаның екінші рет заң бұзғанын атап көрсеткен. Мұндай жағдай үшінші рет қайталанса лицензиядан айрылуы мүмкін екенін айтқан.

Тележүргізуші Алексей Коростелёвтің 1 желтоқсанда тікелей эфирдегі сөзінен кейін, Латвияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі "телеарна Ресей әскеріне көмек көрсетіп жатыр" деген күдікпен тексерген. Тілші Коростелёв тікелей эфир үстінде "Көптеген әскери қызметкерлердің майдандағы қарапайым керек-жарақтарына көмектестік деп үміттенеміз" деп, телекөрермендерді мобилизацияға байланысты заң бұзылып жатса хабарласуға шақырған.

Келесі күні "Дождь" кешірім сұрап, эфир жазбасынан Коростелёвтің аталған сөзін өшірген және оны жұмыстан босатқан. Журналистің өзі эфирде қателескенін, "телеарнаға проблема болмас үшін жұмыстан кетуге дайын екенін" айтқан. "Қателеспейтін адам жоқ" деген тағы үш қызметкер Коростелёвті қолдап, жұмыстарынан кеткен.

  • "Дождь" жүргізушісі Анна Монгайттың сөзіне қарағанда, "Дождь" жұмысын жалғастырып, YouTube желісінде қала береді, бірақ кәбіл желісінен ажырайды. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Ресей билігі "Дождь" жұмысын тоқтатқан. Маусым айында телеарна Латвиядан лицензия алған.
  • Ресей Украинаға басып кірген соң 200-ден астам журналист пен жиырмадан астам басылым Ресейден Латвияға көшкен. Осыған байланысты Латвия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі алаңдаушылық білдірген. Олардың жұмысы Латвияның ақпарат кеңістігінің қауіпсіздігіне қатер төндіруі, Ресей барлауымен байланысы болуы мүмкін деп есептеген.
XS
SM
MD
LG