Ресейде жүріп-тұру құжатының мерзімі аяқталған немесе елден шығарылуы тиіс еңбек мигранттарының тізімін дайындау қарсаңында рақымшылық жариялау мәселесі де талқыланып жатыр. Бұл туралы “Коммерсантъ” газеті жазды.
Заң бұзған еңбек мигранттарының тізімі 2025 жылға қарайы дайын болуы тиіс. Ол көші-қон тәртібін күшейту науқаны аясында әзірленеді. Көші-қон саясаты жөніндегі үкімет комиссиясының жиыналысында ІІМ өкілі заң бұзғандардың бәрін бір базаға енгізу мүмкін еместігін айтқан.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Александр Горовой әлдеқайда жеңіл заң бұзған мигранттарға рақымшылық жарияласа дұрыс болар еді деген. Федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілі Владислав Меньщиков арнайы қызмет мұндай бастаманы қолдауға әзір екенін айтқан.
Ресей ІІМ елде 630 мың заңсыз мигрант жүр деп есептейді. Олардың қаншауы рақымшылық алуы мүмкін екені әзірге белгісіз.