Ссылки доступа

Армения қауіпсіздік кеңесі Әзербайжанмен бітім жасалғанын мәлімдеді


Армения, Ереван, протест у здания парламента, 14 сентября 2022 года
Армения, Ереван, протест у здания парламента, 14 сентября 2022 года

Ереван мен Баку бітім туралы келісімге келді, деп мәлімдеді Армения қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян.

"Халықаралық қауымдастықтың араласуымен 14 қыркүйекте сағат 20:00-де бітім туралы келісім жасалды. Әзербайжан келісімді бұзбайды деп үміттенеміз", – деді Григорян Қоғамдық телеарна эфирінде.

Армения қауіпсіздік кеңесі хатшысының айтуынша, Әзербайжанмен бірге қол қойылуы мүмкін ешқандай құжат немесе келісім дайындалып жатқан жоқ.

Бұның алдында оппозиция премьер-министр Никол Пашинянның қызметтен кетуін талап етіп, митинг ұйымдастырған. Бұған саясаткердің парламенттегі мәлімдемесі себеп болды. 14 қыркүйекте премьер елдегі "тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікке" кепіл болатын құжатқа қол қоюды көздегенін мәлімдеген. Содан кейін Ереванда наразылық басталды: бірнеше мың адам қала орталығындағы Баграмян даңғылын жауып, парламент қақпасын сындыруға талпыныс жасады, деп хабарлады Азатутюн радиосы. БАҚ мәліметінше, көпшілік премьер сөздерін өзін тәуелсіз республика деп жариялаған Таулы Қарабақтан бас тартқысы келеді деп түсінген.

Наразылық күшейген тұста Пашинян азаматтарға үндеу жасап, Әзербайжанмен ешқандай құжатқа қол қоюды жоспарламағанын мәлімдеді. Армения ұлттық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, "түрлі ақпарат құралдары премьер сөздерін бұрмалап берген".

Армения қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян Ереванда митинг ұйымдастырушыларды "бесінші колонна" деп атады.

Армения мен Әзербайжан шекарасындағы ахуал 13 қыркүйекке қараған түні ушыққан. Армян тарабының хабарлауынша, бірнеше ауыл атқыланған.

Жанжалда 100-ден аса армян жауынгері мен 50 әзербайжан жауынгері мерт болды.

Бұған дейін Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрап, Әзербайжанмен әскери қақтығысты реттеуге қол ұшын беруге үндеген. Ал ҰҚШҰ мәселені "саяси-дипломатиялық жолдармен" реттеу қажеттігін алға тартып, ұйым бас хатшысын оқиға орнына жіберу туралы шешім қабылдаған.

XS
SM
MD
LG